«Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері» Еуропаны бағындырды

«Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері» отандық креативті жобасы Paris Fashion Week пен Milan Fashion Week сән апталықтарында көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Әлемдік подиумда 60 пен 74 жас аралығындағы 20 әже ұлттық стильде тігілген «Ақ маржан» топтамасын таныстырды.

Жоба қатысушылары елдің әр аймағынан арнайы кастинг арқылы іріктелді. Олар бойындағы әйелге тән нәзіктікті, сенімділік пен мәдениеттілікті көрсете білді.
 

«Еуропа көрермені риза болды! Біз сапарға «Алаша» топтамасын да ала барып, Париж бен Милан көшелерінде соны киіп серуендедік. Осылайша көпшіліктің назарын аударып, сансыз жылы пікір мен мақтау сөз естідік! Осындай жоғары деңгейде өз мәдениетімізді лайықты түрде таныстырғанымызға өте қуаныштымыз. Біз көрсеткіміз келген басты ой – сәннің шекарасы жоқ екенін дәлелдеу», – дейді жобаның авторы, танымал сәнгер, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі және Ұлттық дизайнерлер академиясының академигі Раушан Әнуарбекова.


«Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері» жобасы Еуропадағы сән апталықтарына төртінші мәрте қатысып отыр. Биылғы көрсетілім Халықаралық қарттар күніне және Қазақстанда аталып өтетін Қарттар айына орайластырылған.