Қазақстан кәсіби шеберлер сайысында 6 алтын иеленді

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

I Халықаралық TurkicSkills-2025 кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Astana TV.

Қазақстан құрамасы жарыстың басты жеңімпазы атанып, түркі елдері арасында техникалық және кәсіптік маман даярлауда көшбасшы екенін дәлелдеді.

Еліміздің жүлде қоржыны 6 алтын, 2 күміс медаль және 1 «Үздік медальонмен» толықты. Бұл жеңіс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы реформалардың нәтижелі жүзеге асып жатқанын айғақтайды.

Естеріңізге сала кетейік, 4-9 қазан аралығында Ақтау қаласында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткен TurkicSkills-2025 чемпионатына Түркия, Әзербайжан, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 70-ке жуық колледж студенттері мен жас маман қатысты. Олар инженерия, ақпараттық технологиялар, өндіріс, робототехника және қызмет көрсету салаларын қамтитын 10 құзыреттілік бойынша бақ сынады.

Жарыстың жабылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов бұл чемпионаттың түркітілдес мемлекеттердің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында Қазақстанның бастамасымен алғаш рет ауқымды түрде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«TurkicSkills чемпионаты – түркітілдес мемлекеттер арасындағы техникалық және кәсіптік ұйымдар ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды шара. Бұл күндер достық пен өзара түсіністіктің, ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың жарқын үлгісіне айналды», - деп атап өтті вице-министр.

WorldSkills International кеңесінің мүшесі Рэй Инглиш Қазақстанның халықаралық деңгейдегі әлеуетін ерекше атап өтті.

«Чемпионатының ауқымы мен ұйымдастырылу сапасы – Қазақстанның әлемдік деңгейдегі кәсіби шеберлік сайыстарын өткізуге толық дайын екенін көрсетеді. Бұл тәжірибе болашақта WorldSkills немесе WorldSkills Europe сияқты халықаралық жарыстарды қабылдауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Чемпионатты тамашалауға 5 мыңнан астам адам келді, колледждер мен кәсіпорындар арасында 100-ге жуық ынтымақтастық меморандумы жасалды.