Елімізде алғаш рет әйелдерге арналған "SANA - 1" ғарыш эксперименті аяқталды

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2025

Елімізде алғаш рет әйелдерге арналған "SANA - 1" ғарыш эксперименті аяқталды. Қазақстан болашақ ғарыштық миссияларға арналған технологияларды сынақтан өткізуде. Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетовтың бастамасымен қолға алынған жоба аясында төрт зерттеуші 10 күн бойы  арнайы модульде, яғни ғарыш кемесінің жердегі үлгісінде болып, эксперименттің нақты тапсырмаларын орындап, зерттеу жүргізді. 

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Дәл бүгін 34-жыл бұрын, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарыштағы сапарын аяқтап, жерге оралған еді. Сол ізді жалғайтын қазақтың қара көз қыздары, бүгін елордада 10 күндік ғарыш экспериментін аяқтады.

10 күндік зерттеу тапсырмасымен, 3-бөлмелі капсулада адамның аспан әлеміндегі психологиялық жай күйін зерттеген қыздар, шынында ғарыштан жерге қонғандай күй кешті.. Таңның атуы мен күннің батуын көрмеген аруларымыз жарық әлемді көріп, көңілдері жайланғандай әсерде жүр. Зерттеу барысында нәзік жандылар топырақсыз өсімдік өсіріп, тірі организмді жердің құнарынсыз тірілткен.

ӘСЕМ ҚУАНДЫҚ, "SANA-1" ЭКИПАЖ МҮШЕСІ:

Біз 10- күндік эксперименттен шықтық.Ең қиыны бұл экспериментте әрине ол шектеулі кеңістік болды, және де мен үшін қиыны ол терезенің жоқтығы. Ауа-райын көре алмаймыз күннің қашан атып батқанын көре алмаймыз. Біз өте тиянақты режиммен өмір сүрдік. Сол режимге өту қиынға соқты, бірақ 3-4 күнде адаптациямыз өтіп жақсы болды.

Тың жобаның нәтижесін көруге қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те келді. Қыздардың жұмысына ризашылығын білдіріп, нағыз ғарыш кемесінен жердегі капсуланың қандай айырмашылығы барын айтты.

ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВ, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕРІ:

Кірген сәттен бастап капсуладан ғарыштың иісін сезгендей болдым.Бұл жерде барлық жағдай қыздардың жайлылығы үшін жасалған. Ал нағыз ғарыш кемесі апатты әрі шұғыл жағдайлар үшін құрсастырылады. Десек те аталмыш  тәжірибе адамның ғарыштағы психологиялық жәй күйін зерттеуге арналғандықтан  сәтті шыққан.

Аспан әлемін бағындырып жатқан қазақ қыздары бұнымен шектелмейді. Жақында ғана отандасымыз Дана Қарағұсова да ғарыш сапарына барып қайтты. Миллиардер Джефф Безостың компаниясына тиесілі New Shepard кемесімен ғарышқа ұшқан, зымыран шамамен 160 шақырым биіктікке көтеріліп, ұшу уақыты 10 минут 21 секунд болды. Санаулы ғана сәт болғанымен бұл тарихи сапар. Қазақстандық кәсіпкер космосқа ұшқан алғашқы қазақстандық әйел ғана емес, ТМД елдерінен турист ретінде әуе кеңістігіне көтерілген бірінші адам.