Газа секторында соғыс тоқтайды. ХАМАС пен Израиль бейбіт келісімге қол қойды. Қос тарап бұған Трамптың еңбегі сіңгенін ерекше атап өтті. Алайда, Нобель сыйлығы АҚШ Президентіне бұйырмады. Норвегиялық қазылар Венесуэлалық оппозиционер Мария Корина Мачадоны лайық деп тапты. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Тура екі жылға жалғасқан соғыс ақыры тоқтады. 66 мың бейбіт адамның өмірін жалмаған қақтығыс Мысырда бейбіт келісіммен аяқталды. ХАМАС ұйымы да Израиль мен Америка қойған шарттармен келіскен.
ХАЛИЛ АЛЬ-ХАЙЯ, ХАМАС ҰЙЫМЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біз Америка басшысының көзқарасы мен талаптарын мұқият зерттеп, осындай шешімге келдік. Өз халқымыздың өмірін сақтайтын шешім қабылдадық деп санаймын. Өз көзқарасымызды ұсындық. Онда біздің де мүдделеріміз қамтылған. Мысыр Араб Республикасындағы дипломаттарымыз батыр халқымызға жақын арада келісім ұсынады.
Израиль басшылығы да, Трамптың ерекше еңбегін атап өтті. Биньямин Нетаньяхудың айтуынша, АҚШ Президенті болмағанда соғыс жақын арада тоқтамайтын еді.
БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біз тұтқындарымызды босату үшін көп еңбек еттік. Соғысқа да бардық. Енді тірі азаматтарымыз бен өлілердің денесі елімізге қайтады. Осы үшін Трамп мырзаға алғысымыз шексіз. Оның Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер бастаған жұмыс тобы қысқа мерзімде ешкімнің қолынан келмейтін жұмыс атқарды.
Трамп өз жетістігіне мастанған секілді. Бірақ, Нобель сыйлығын ала алмағанына ашуланды. АҚШ тарихында өзінен асқан Президент жоқ. Ал Обама мен Байдендер, керісінше, ақыл-есі кем, ел басына бәле болғанын айтуда.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен қысқа мерзімде осымен 8-і соғысты тоқтаттым. Оны Нобель сыйлығы үшін емес, миллиондаған адамның өмірін құтқару үшін жасадым. Дегенмен, Обама да Нобель сыйлығын алды. Оған не үшін бергенін түсінсем бұйырмасын. Бірақ, маубас Байден, одан да нашар Президент болған еді.
Перу Парламенті Президент Дина Болуартеге Импичмент жариялады. Дәл осы Болуарте келгелі қылмыс пен жемқорлық белең алғандықтан, бүкіл партия оны шеттету туралы шешім қабылдады. Айта кетейік, қазіргі мемлекет басшысының өзі 2022 жылғы төңкерілістен кейін билікке келген еді.