Енді оңды-солды кредит рәсімдейтін «займдарға» шектеу қойылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржылық несиені бақылауға алмақшы. Бұдан былай мұндай ұйымдардың жарнамасына дейін тексеріледі. Яғни жалған ақпарат болмауы қатаң түрде қадағаланбақ. Өйткені елде онлайн несие ресімдеп сан соққандар көбейген. Сорақысы, олардың көбі – жастар. Толығырақ әріптесім Аружан Задабек «Өзекті» айдарында айтады.
Қайырлы кеш, көрермен! Өзекті тақырыптар бізден, талқылау сізден.
Онлайн несие орға жығып бітті. Жастар жетегіне еріп, «олжа деген осы екен ғой» деп, соңында опық жейді. Басында 20-30 мың алып бастаған бала, соңында 200 мыңдап қарызға кіреді. Берешек осы құнмен қалса мейлі ғой, үстіне ай сайын пайызы қосылатының қайтесің?! Елімізде онлайн қарыз берушілер туралы нақты мәлімет, бірыңғай ақпараттық база жоқ. Жарнамасы интернетте қаптаған мұндай ұйымдар өз жұмыстары туралы мемлекеттік органдарға есеп бермейді. Комиссия көлемін де өз қалауынша құбылтады. Сондықтан қаржы студенттерге де, жұмыссыз жүрген жастарға да беріле береді.
БЛИЦ:
- Қарапайым халықты қорқытатын микрокредит компанияларды неге жауып тастамайды?
- Менде 3,5 млн бар. Кредит екі ай болды төлемедім. Жұмыстан шығып қалдым. Шотымды бұғаттап қойды. Енді не істеймін?
Шыны керек, қазір желі ашып қалсаң, «қарызым бастан асады, несие қашан қашады?» деген жазба көп. Кредиттің күліп келіп, жылатып қайтатынын ұқпаған жұрт қазір шығар жол таппай тентіреп жүр. Елімізде 1 миллион 600 мыңнан астам адам несиесін өтей алмай жүр. Бір Астананың өзінде 90 күн өтсе де қарызын төлемеген 116 мың тұрғын бар. Олардың банк алдындағы қарызы 22 трлн теңгеден асып кеткен.
БЛИЦ:
- Менің де кредитім бар. Төлей алмай жүрмін, не істесем болады? Өзім квартика жалдап тұрамын. Тоқтата тұруға болмай ма?
- Біз 10 жылдан аса төлей алмай жүрген кредитті банкроттыққа беріп бәлеге қалдық. Коллекторлар, сот орындаушылары қайта-қайта хабарласып, қорқытады неше түрлі сөз айтып.
Қарызын төлемеген адамға қандай шара қолданылады? Борышкердің дерегі коллекторлық компанияға өтеді. Олар алдымен өзіңізге хабарласады. Тұтқаны көтермесеңіз туған-туысыңызды түгендейді. Артынша жұмыс орныңызға хабарласып, шара қолдануын сұрайды. Намысқа тиеді. Жерден алып, жерге салады. Қысым жасау арқылы ақшаны өндіруге тырысады.Мұндай жағдай ілуде біреу емес. Көп екенін мына комментарийлерден-ақ байқасаңыз болады.
БЛИЦ:
- Үйге келді ғой коллектор түн ішінде. Енді күнде звондайды. Ол заңды ма? Не істеуге болады?
- Коллекторға қалай арыз жазады? Мектепке звондапты. Директор айтыпты «жалоб жазсаң, жұмыстан шығарамын» деп. Соттанмын деп таныстырады.
Құрметті көрермен, бүгінге осы! Келесі кездескенше.