Қазақстан мен Ресейді шын мәнінде мәңгі одақтастық, стратегиялық серіктестік және достық қарым-қатынастар байланыстырады. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, бірқатар саладағы көрсеткіштерге тоқталды. Көрші мемлекет елімізге 26 млрд доллардан астам қаржы құйған. Былтыр 4 млрд доллар инвестиция жасады. Бүгінде жалпы құны 22 млрд доллар 114 жоба іске асырылуда. Арадағы алыс-беріс те жоғары деңгейге жетті. Өткен жылы оның көлемі -28 млрд доллар. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы келесі айда Ресейге баратынын жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
12 қараша күні Сіздің шақыруыңызбен Ресейге сапармен барамын. Біз бұған ерекше мән беріп отырмыз. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарға тың серпін береді деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресейді шын мәнінде мәңгі одақтастық, стратегиялық серіктестік және достық қарым-қатынастар байланыстырады. Көрсеткіштерге көңіл толады.
Ресей басшысы екі елдің байланыстарын дамытуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын жеткізді.
ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Қазақстанмен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы байланыстардың сипаты ерекше. Бұған Сіз бен біздің достығымыз ғана ықпал етіп отырған жоқ. Өйткені Қазақстан мен Ресей посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге бастамашы болып келе жатқаны белгілі. Бізде тұрақты түрде назар аударатын екіжақты мәселелер жеткілікті. Екіжақты форматтағы осындай кездесулеріміз ынтымақтастығымызды дамыту үшін пайдалы болатынына сенімдімін.