АҚШ-та оқ-дәрі зауытында жарылыс болды

Фото: видеодан алынған скрин

 АҚШ-тағы әскери зауыттағы жарылыстан бірнеше адам қаза тапты және жоғалып кетті, деп хабарлайды Еuronews.
АҚШ-та оқ-дәрі өндіретін әскери зауыттағы жарылыс салдарынан бірнеше адам қаза тауып, бірқатары із-түзсіз жоғалып кетті. 

Қайталама жарылыстар құтқарушыларға отқа оранған ғимаратқа жақындауға мүмкіндік бермей отыр.

Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың дыбысы бірнеше шақырым жерден естілген. Оқиға Теннесси штатындағы Accurate Energetic Systems зауытында болған.

Компанияның сайтында көрсетілгендей, кәсіпорын жарылғыш заттарды өндіру және сынақтан өткізу жұмыстарын орманды жерде орналасқан сегіз ғимаратта жүргізеді. Бұл нысан штат астанасы Нэшвиллден оңтүстік-батысқа қарай 97 шақырым жердегі Бакснорт қаласының маңында орналасқан.

— Қазіргі уақытта бірнеше адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Біз олардың отбасыларына және бұл жағдайға аса назар аударып отырмыз, — деді Хамфрис округінің шерифі Крис Дэвис баспасөз мәслихатында.
Жарылыстың себебі бірден анықталған жоқ, ал шериф Крис Дэвистің айтуынша, тергеу бірнеше күнге созылуы мүмкін.

Теннесси штатының төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі зардап шеккендердің бар екенін растады, бірақ нақты санын жариялаған жоқ. Агенттіктің баспасөз хатшысы Кристин Коултердің айтуынша, бұл ақпаратты Денсаулық сақтау департаменті әлі растаған жоқ.

Көршілес Диксон қаласының республикашыл өкілі Джоди Барретт зауыттың өңірдегі негізгі жұмыс берушілердің бірі екенін айтып, жарылыстың мүмкін экономикалық салдарына алаңдаушылық білдірді.

— Біз шамамен 15 миль жерде тұрамыз, және үйіміздің ішінде анық естідік. Дыбыс үйдің шатырын жарып өткен секілді болды, — деді Барретт.

 Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлайды.