Қарағанды облысында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды

«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында Қарағанды облысы Шет ауданы Ортау ауылында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды облысы ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев, Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров және ауыл тұрғындары қатысты.

Өрт сөндіру бекеті жалпы халқының саны 400 адамнан асатын үш елді мекенге қызмет көрсететін болады. Жаңа ғимаратта жуынатын бөлме, демалыс бөлмесі, ас үй және қызметтік үй-жайлар қарастырылған, бұл жеке құрамның тәулік бойы кезекшілігіне қолайлы жағдай жасайды.

«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған. Оның аясында ауылдарда қажетті жабдықтармен және техникамен қамтамасыз етілген өртке қарсы ерікті құралымдар құрылуда. Бұл төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға, ауыл әкімдіктерінің жедел іс-қимылдарға дайындығын арттыруға және ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.