Бұзақыларды заң бойынша жауапкершілікке тарту керек,- Президент

 Бүгін елорданың «Нұра» ауданындағы Greenline бульварын аралап көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала басшысына бірқатар нақты тапсырма берді.
Президентке Астанадағы абаттандыру жұмыстары жайында мәлімет берген қала әкімі Жеңіс Қасымбек елордада қазір 170 қоғамдық кеңістік пен ауланы абаттандыру бойынша кешенді бағдарлама іске асырылып жатқанын айтты.

-Вандализм, бұзақылық бар ма?, — деп сұрады осы орайда Мемлекет басшысы.

Сауалға жауап берген қала әкімі елордада мұндай келеңсіздіктің жаппай орын алуы тіркелмесе де жекелеген деректердің бар екенін жасырған жоқ.

- Вандализмді қабылдауға болмайды, бұзақыларды заң бойынша жауапкершілікке тарту керек, — деп тапсырды Президент.

Мұнан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әкіміне қаланы көгалдандыру — ортақ міндет екенін ескертті.

-Бұл жұмыстарды орталық көшелерде, көзге түсетін орындарда ғана жүргізумен шектелуге болмайды, — деді Мемлекет басшысы.
Президент Астанада оң өзгерістер болғанымен алда әлі де атқарар жұмыс көп екенін баса айтты.