Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырған республикалық FinIQ қаржылық қауіпсіздік диктанты жоғары қызығушылықпен басталды — бүгінде жобаға 192 мыңнан астам мектеп және колледж оқушылары мен студенттер тіркелді. Бар болғаны екі күннің ішінде 97 мың қатысушы тесттен өтіп, өздерінің қаржылық сауаттылық деңгейін тексерді.
FinIQ — бұл қаржылық сауаттылық деңгейін анықтайтын IQ-тест. Онда 20 сұрақ бар: «дроп» деген кім, «қаржылық пирамидадан қалай сақтану керек» сияқты негізгі түсініктерден бастап, жеке деректер, банк өнімдері мен онлайн төлемдердің қауіпсіздігіне қатысты күрделі тақырыптарға дейін қамтылған.
Диктанттың ерекшелігі — мектеп оқушыларына, колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған әртүрлі деңгейлері бар. Қысқа әрі мазмұнды сұрақтардан тұратын форматтың арқасында тестті 15–20 минуттың ішінде, кез-келген құрылғы арқылы өтуге болады.
Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары ерекше белсенділік танытуда.
Мұғалімдер диктантты сабақ барысында өткізсе, университеттер факультетаралық жарыстар ұйымдастырды. Әлеуметтік желілерде қатысушылар #FinIQ хэштегімен өз нәтижелерімен бөлісіп, достарын «қаржылық иммунитетін тексеруге» шақырып жатыр.
Еске саламыз, FinIQ жобасы 20 қазанға дейін жалғасады.
Тест нәтижесінде әрбір қатысушы диплом мен сертификатқа ие болады, ал қысқа уақытта ең жоғары баллға ие болғандар бағалы сыйлықтармен марапатталады.