«Менің Қазақстаным»: Атырауда «AMANAT» партиясының қолдауымен аламан айтыс өтті

Атырау қаласында «AMANAT» партиясының қолдауымен «Менің Қазақстаным» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Astana TV.

Өнер додасы көрнекті ақын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны мәтінінің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына арналды.

Аламан айтысқа Астана және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Ақтөбе, Түркістан, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Маңғыстау және Атырау облыстарынан келген 12 ақын қатысты.

Айтыс барысында ақындар Жұмекен Нәжімеденовтің тұлғалық болмысын, оның отандық әдебиетке сіңірген еңбегін жыр арқауына айналдырып, қоғам тынысын дөп басқан көкейкесті мәселелерді қозғады. Ақындар ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды насихаттап, жастар тәрбиесі, отбасылық құндылықтар мен адамгершілік тақырыптарын да өлеңмен өрді.

Сөз сайысының тізгінін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай ұстап, айтыс өнерінің мәні мен маңызына тоқталды.

«Айтыс – бабадан жеткен байтақ өнер. Бұл – қазақ халқының ұлттық ерекшелігін айқындайтын қастерлі рухани, мәдени қазынамыз. Ол Тәуелсіздік жылдары өрлеу, даму кезеңін өткерді. Сонау сексенінші жылдардың соңынан бастап ақындардың қаншама буыны қалыптасты. Бүгінде сол аға буынның аманатын қазіргі ақындарымыз абыроймен арқалап келеді. Ақын – заманның айнасы, ұлттық салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың, ғасырлар бойы қалыптасқан қастерлі құндылықтардың шырақшысы», – деді Аманжол Әлтай.

Осылайша, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Жансая Мусина иеленді (Батыс Қазақстан облысы). Ал бірінші орынды Батыржан Кәдірбай (Атырау облысы) мен Аруна Керімбек (Ақтөбе облысы) қанжығалады.  Екінші орын Мұхтар Ниязовқа (Қызылорда облысы) бұйырды. Үшінші орынды Нұрмұхаммед Байсүгіров (Қарағанды облысы) пен Иран-Ғайып Күзембаев (Астана қаласы) өзара бөлісті.

Сонымен қатар Серікбол Панабердиев (Атырау облысы) пен Аян Ниязбек (Түркістан облысы)  арнайы сыйлықпен марапатталды.