Ақмола облысында газдандыру жұмыстары жүріп жатыр

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2025

Көмір жағып, жыл сайын қара отынның әлегінде жүрген тұрғындар енді үйін көгілдір отынмен жылытады. Астана маңындағы Талапкер, Ыбырай Алтынсарин елдімекендеріне газ берілді.

Елорда іргесіндегі қос елдімекенге газ беріліп, тұрғындар үйін көгілдір отынмен жылытып отыр.  Табиғи отынды ауыл ауылға кіргізу үшін мемлекет қаржысынан 6 млрд 300 млн теңге қаржы бөлінген.

МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

"Сарыарқа" магистралін жеткізіп, осы ауыл тұрғындарға мына агломерацияда тұратын елдімекендерді газдандыру мәселесі биыл қарқынды жоба іске асып жатыр,  енді алдымызда үлкен 3-4 мекен бар газдандыратын осы жылдың аяғына дейін.

Көгілдір отынды көптен күткен халықтың қуанышында шек жоқ.  Мердігер компания әлеуметтік осал топтарға 28 % жеңілдік барын айтып, тұрғындардың қуанышын еселеп қойды.

КЕНТАЙ АЛДЫРБАЙ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ақ түйенің қарыны жарылған күн, бұл ғасыр қуанышы. Міне сол қуанышты көріп жатырмыз.

Ал Талапкер ауылындағы көшелерге 200-ге жуық бейнебақылау камерасый орнатылды. Бұл қылмысты азайтуға, тәртіпсіздікке жол бермеуге септігін тигізеді. Бұған дейін жауапкершіліктен қашып, қылмыс орнынан жалтаратындар, енді осы камералардың көмегімен жауапқа тартылады. Бейнебақылау қызметі жасанды интеллектке негізделген.

ДИАС АЛИМОВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

160 камераның 115-і орнатылды, оның ішінде автомобильдердің нөмірлік белгілерін интеллектуалды талдау және тану функциясы бар цифрлық, жылдам және PTZ-камералар бар. 

Талапкерде "ТАЗА ҚАЗАҚСТАН" экологиялық акциясы  аясында  1000 тал егілді.  Бұл бастама экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және ауданның табиғи мұрасын сақтауға бағытталған.