Алматы облысында жыл басынан бері 80 мыңға жуық ағаш егілді

Алматы облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Игі іске аймақ тұрғындары, еріктілер мен мемлекеттік қызметкерлер белсене қатысып, өңірдің көшелері мен саябақтарын тазалап, жас көшеттер екті. 

Сенбілікке 67 мыңнан астам адам қатысты.  10 мыңнан аса мемлекеттік қызметкер және бюджеттік ұйым қызметкерлері, 18 мың волонтёр және 39 мыңға жуық жергілікті тұрғын бар. Қатысушылардың бірі ағаш ексе, бірі саябақтар мен аулаларды қоқыстан тазартты.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Бүгін -ерекше күн. Өйткені күзде отырғызатын ағаштарды бүгін егіп жатырмыз. Ол деген тек Алматы облысында ғана емес Республикада Алматы облысының басқа да аудандарында жүріп жатқан акция. Жалпы биыл 80 мыңға жуық ағаш егілген болатын. Оның үстіне бірнеше тонна ағаштың тұқымы егілді.

Көгалдандыру жұмыстары облыстың барлық қалалары мен аудандарында өтті. Іс-шарада ерекше әлеуметтік жобалар назар аудартты.  Балаларға арналған қолдау орталығының тәрбиеленушілері ұстаздарымен бірге ағаш егіп,  табиғатты аялаудың маңызын үйренді.

ДИМАШ ҚОЖАБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мемлекет басшысының қойған мақсаты бар.   Сол бойынша Алматы облысында жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның бірі ретінде ағаштардың санын көбейту бұл маңызды. Өйткені бұл экологияға деген бір септігін тигізеді деген ойдамыз.

Сенбілікке кіші және орта бизнес өкілдері, өндіріс орындары, қоғамдық ұйымдар мен жастар қозғалыстары да атсалысты.Жыл басынан бері облыс аумағында 200-ден астам сенбілік өтіп, оған 600 мыңнан астам адам қатысқан.