"S-Group" қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар ұсталды

Фото: pixabay.com

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Ақмола облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп, Көкшетаудағы «S-Group» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшыларына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Astana TV.

“Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар «S-Pharmaceutical» және өзге де жобаларға медициналық каннабис өндірісі мен дистрибуциясына инвестиция тарту деген желеумен азаматтарды алдап, қаржы салуға шақырған. Салымшыларға әрбір жаңа қатысушыны тартқан жағдайда салым сомасының 5 пайызы мөлшерінде табыс уәде етілген”- деп мәлімдеді ҚМА.

Қатысу үшін сайт арқылы тіркеліп, кемінде 100 АҚШ долларын салу қажет болған. Белгілі болғандай, күдіктілердің бірі бұған дейін «Life Is Good» және «Finiko» қаржы пирамидаларына қатысып, табыс тапқаннан кейін ұқсас схема бойынша өз жобасын құрған. Нәтижесінде пирамиданың қызметіне 59 азамат тартылып, жалпы 136 миллион теңгеден астам қаражат салған. Тергеу барысында ұйымдастырушылар салымшылардың ақшасына екі пәтер мен автотұрақ орнын сатып алғаны анықталып, оларға сот санкциясымен тыйым салынды.