Атыраулық фельдшер пойызда жолаушының өмірін сақтап қалды

№42 Атырау – Алматы-2 пойызында демікпе ауруына шалдыққан жолаушының денсаулығы күрт нашарлаған,-деп хабарлайды Astana TV.

Пойыз басшысы Әсел Рысқалова радиобайланыс арқылы жолаушылардан көмек сұраған. Атыраулық  жедел жәрдем фельдшері Ынтымақ Ермағанбет тез әрекет етіп, жолаушыға көмек көрсетті. 

«Ол дұрыс әрі жылдам әрекет жасап, науқасқа барлық қажетті көмек көрсетті. Өз ісіне сенімді және батыл болды. Менің ойымша, оның болашағы жарқын — адамдардың өмірін сақтау оңай емес, білім мен сенімділік қажет», - деп алғыс айтты пойыз басшысы, жергілікті жедел жәрдем қызметіне жазған хатында.

Атырау стансасының жедел жәрдем әкімшілігі өз жауабында: «...Біз Ермағанбеттің уақытылы әрекеті науқастың денсаулығын сақтап, айналасындағыларға сенім ұялатқанына шын жүректен қуаныштымыз. Мұндай пікірлер бізді әрі қарай дамып, халыққа қызмет етуге шабыттандырады», -деп атап өтті.