"Әділетті мемлекет ретінде әр азаматтың ұсынысын ескеруіміз керек",-Президент

Қазақстанда саяси жүйені жаңғыртудың жаңа кезеңі басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізді. Президенттің айтуынша, бұл өзгеріс ел тағдырына тікелей әсер етеді. 

Бір палаталы Парламентке көшу - халықаралық тәжірибеде қалыптасқан үрдіс. Әлем елдерінің үштен екісі дәл осындай жүйемен жұмыс істейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл бағыттағы реформа еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі болмақ. Мемлекет басшысы Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп, бастаманың ел тағдырына тікелей қатысы барын атап өтті.  

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе. Жұмыс тобының әр мүшесі осы тарихи міндетті дұрыс түсініп, белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қалыптасқан. Дәл қазір бізге керегі – ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс.

Президент бір палаталы Парламент құру бастамасы ел үшін маңызды шешім екенін айтты.  Себебі, бұл - елдің болашағына тікелей әсер ететін мәселе.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Парламенттік реформа - аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі, бұл - еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан - халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл - мызғымас ұстаным.

Мемлекет басшысы Парламенттік реформаның негізгі бағыттарын таныстырды. Алдымен Конституцияның 40-қа жуық бабына түзету енгізіледі. Кейін 10-нан астам конституциялық заң мен 50-ден астам кодекс пен заң қайта қаралмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек.

Саяси реформалар ел сұранысына сай, біртіндеп және жүйелі түрде жүргізіліп келе жатыр. Мемлекет басшысының сөзінше, бұл өзгерістердің барлығы Қазақстанның ерекшелігі мен ұлттық мүддесін ескере отырып жасалуда.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз барлық реформаны тек эволюциялық жолмен жүргіземіз. Яғни азаматтардың сұранысы, төл ерекшелігіміз бен еліміздің түпкі мүддесі ескеріледі. Енді соңғы жылдары қоғамдағы саяси мәдениеттің едәуір өскенін ескере отырып, біз бірте-бірте және байыпты жолмен бір палаталы Парламентке өтуді бастаймыз.

Қазақстан саяси жүйесін жаңартудың жаңа кезеңіне қадам басты. Парламенттік реформа елдегі басқару үлгісін түбегейлі өзгертеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Парламентті реформалау, бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүдделері мен тілек-ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады.

Цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастырады. Алдағы уақытта e-Parlament жүйесі электрондық үкімет секілді сұранысқа ие құралға айналмақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Заң шығару жұмысын жақсартудың жаңа тетіктерін енгізу аталған үдеріспен қатар жүруі қажет. Мұны халықаралық тәжірибе де көрсетіп отыр. Бұл ретте болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды факторға айналады. Олардың қатарында нағыз кәсіби мамандар болуы керек. Парламент кәсіби болуға тиіс.

Президенттің айтуынша, алдағы реформа - ауқымды әрі жауапты жұмыс. Сондықтан Жұмыс тобы өз міндетін кәсіби деңгейде атқарып, қоғамның сенімін ақтауы тиіс. Мемлекет басшысы топ мүшелеріне сәттілік тілеп, халық пікірі ескерілген әділетті шешім қабылданатынына сенім білдірді.