Қазақстанда 30 ЖОО жасанды интеллект бойынша 38 білім беру бағдарламасын іске асырып жатыр

540 мың қазақстандық студент AI-Sana бағдарламасы аясында жасанды интеллект базалық дағдыларын игерді. Еліміздегі 30 жоғары оқу орны осы бағыт бойынша 38 білім беру бағдарламасын іске асырып жатыр. Қазірдің өзінде жүзге жуық университеттің оқу жоспарына жасанды интеллект пәндері енгізілді, ал оқытушылардың жартысынан көбі арнайы курстардан өтіп, сертификат алды. Жаңа бағдарламалар студенттерге тек теория емес, нақты тәжірибе береді. Мысалы, медицинада деректерді талдау, энергетикада тиімділікті арттыру, көлікте немесе ауыл шаруашылығында өндірісті оңтайландыру үйретіледі. Шетелдік серіктестермен де бірлескен жобалар бар. 

ДИНАРА ЩЕГЛОВА, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін жоғары оқу орындарында инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Жетекші университеттердің базасында ғылым мен практиканы ұштастыратын жасанды интеллект бойынша арнайы орталықтар мен зертханалар құрылды.