Олжас Бектенов Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысын өткізді.

Ішкі істер, денсаулық сақтау, оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат министрлері Мемлекет басшысының биылғы тамыз айында өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында берген нашақорлықтың таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасады. ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның тапсырмалары аясында атқарылып жатқан шараларға назар аударылды.

Премьер-министр нашақорлық пен есірткі қылмысы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін және жүйелі әрі ведомствоаралық тәсілді талап ететін өзекті мәселе ретінде қала беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы жариялаған “Заң мен тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету – қоғамның орнықты дамуының, құқықтық тәртіпті нығайтудың, азаматтар құқықтарын қорғаудың маңызды шарты. Мемлекеттік органдар нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Бірқатар заң қабылданып, салалық институттар мен инфрақұрылымдар құрылуда, бұл саладағы халықаралық ынтымақтастық кеңейіп келеді. Аталған жұмыс қарқынын төмендуге болмайды, ол жалпыұлттық сипатқа ие болуы керек»,— деп атап өтті Олжас Бектенов.

 Бүгінгі таңда Қазақстанда 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары әзірленуде, онда жаңа стратегия мен тәсілдер қолданылады. Жастар арасында, оның ішінде NEET санатындағы оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар арасында, алдын алуға ерекше назар аударылады. Бұқаралық спорт пен шығармашылық шешімдердің мүмкіндіктерін белсенді пайдалану қажеттілігі атап өтілді.

 Ішкі істер министрі Ержан Сәденов есірткінің интернет-саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жанданғаны туралы баяндады. «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен анықталған және бұғатталған сайттар саны 11 есеге өсті. Барлығы 26,5 мыңнан астам интернет-ресурс жабылды. 35 мыңнан астам карталық шот бұғатталды, 4 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осы жылдың 9 айында есірткіге қатысты 6 210 құқық бұзушылық анықталды, 26,1 тонна есірткі алынды.

 Премьер-министр ІІМ-ге жыл соңына дейін әкімдіктердің есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі қызметін бағалаудың алғашқы жинақталған рейтингін дайындауды тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігі есірткіге тәуелді адамдарды емдеу мен оңалтудың тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдауда. Наркология бойынша клиникалық хаттамалар қайта қаралды және емдеу сапасының халықаралық бағдарламасы енгізілуде.

ІІМ ұсынысы шеңберінде Мәдениет және ақпарат министрлігімен, отандық өндірушілермен бірлесіп, халықты есірткіге арналған қолжетімді экспресс-тестермен, оның ішінде әлеуметтік осал топтарды тегін қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұл бастапқы тұтыну фактілерін анықтайтын алдын алу шарасы болады. Сондай-ақ бір ай ішінде жекеменшік наркологиялық оңалту орталықтарының қызметін реттейтін құқықтық тәсілдерді әзірлеп шығару талап етіледі.

 Білім беру саласы тарапынан профилактикалық жұмыстар жүргізілуде: тәрбиелік функцияларды педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтарды қоса алғанда, 360 мың педагог жүзеге асыруда, оқушылар қауіпсіздік сабақтарымен 100% қамтылған, ата-аналарды педагогикалық қолдаудың 6,8 мың орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірленді.