Қарағандыда есірткі таратқан шетелдіктер ұсталды

Қарағандыда "Қарасора – 2025" жедел іс-шарасы барысында есірткі таратқан шетелдіктер ұсталды, деп хабарлайды Astana TV.

Қарағанды қаласында "Қарасора – 2025" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобының қызметкерлері ірі операция өткізді.

Нәтижесінде есірткі таратқан екі шетел азаматы ұсталды. Операция кезінде 29 және 39 жастағы ер адамдар қала көшелерінің бірінде қолға түсті.

Тінту барысында үлкенінен әрқайсысы шамамен 0,5 грамм болатын құрамында A-PVP болуы мүмкін 11 түйіншек, сондай-ақ қосымша 0,5 және 1 грамдық 11 түйіншек табылып, тәркіленді.

Ал екінші күдіктіден телефон тексеру кезінде куратормен жазысқан хаттар мен есірткі жасырылған орындардың фотосуреттері анықталды. Көрсетілген мекенжайларға тексеру жүргізу нәтижесінде құрамында ұқсас зат бар 16 түйіншек табылды.