Биыл еліміздің Төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 30 жыл. Ал 19 қазан «Құтқарушылар күні» ретінде аталып өтіледі. Бұл сала бүгінде халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігіне айналды. Өзгенің өміріне араша түсу үшін өз өмірлерін қауіпке тікетін жандар қандай құрметке болса да лайық.
Еркін Әмірханов төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс істегеніне 13 жыл болған. Бүгінде бірінші класты сүңгуір. Бірақ суда құтқару жұмыстарына ғана емес, кез келген апатта алдыңғы шептен табылады. Судан тайсалмай, биік жарға арқанмен өрмелейді, жол апатынан зардап шеккендерге де қол ұшын береді. Осы еңбегі еленіп, былтыр Президенттің қолынан Ерлігі үшін медалін алды. От пен судың ортасында жүрсе де, тәуекелге толы салада қызмет еткеніне еш өкінбеймін дейді.
ЕРКІН ӘМІРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ БАС ҚҰТҚАРУШЫСЫ:
Үйдегі отбасымыз, анамыз, шешеміз бар. Артымыздан амандығымызды тілеп, тілеуімізді тілеп отырады. Аман оралса екен деп. Кейде шақыртулар түседі кішкентай бала, мысалы мектеп жасындағы, 2 оқитын, 3 оқитын, 1 оқитын балалар суға кетеді. Сол балаларды алып шыққан кездерім болды. Әкесінің қолына немесе мамасының қолына тапсырасың, ең ауыр сәт сол.
Жалпы аймақта 75 құтқарушы, 776 азаматтық қорғау органының қызметкері бар. Оның 400-ге жуығы өрт сөндіруші. Олар 40 келіге жуықтайтын арнайы киім мен құрал-жабдықтарды арқалап от пен түтіннің ортасына жүреді. Ал жауапкершілік жүгі одан ауыр. Тілсіз жауды ауыздықтап қана қоймай, қызыл жалыннан адам өмірін арашалайды. Солардың бірі - Нұрхан Медеуов. Ол 17 жылдан бері саланың ыстық-суығына төзіп келеді.
НҰРХАН МЕДЕУОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ №4 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Психологиялық дайындық және міндетті түрде физикалық дайындық құтқарушының бойынан табылу керек. Соңғы кездері заманауи техникалармен жабдықталып жатыр. Құтқарушыларға пәтрақы төлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы мемлекет тарапынан жақсы жағдай жасалып жатыр.
Құтқарушы болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – ерлік пен ұлтқа қызмет етудің, адам өмірін сақтау жолындағы адал борыштың үлгісі. Ал ол тек жүрегі мықты, рухы биік жандардың ғана қолынан келеді.