«Құтқарушы еліміздегі ең беделді мамандықтың біріне айналуға тиіс», - Президент

Елімізде болған табиғи апаттардың ең ауыр салмағы - құтқарушылардың иығына түседі. Өрт, тасқын, жер сілкінісі, апат атаулының бәрінде ең алдыңғы шепте - солар. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, төтенше жағдайлар қызметінің маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы құтқарушыларды бейбіт күннің батырларына теңеді. Президенттің айтуынша, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері ел қауіпсіздігі мен халықтың амандығы жолында тәуекелге барып, қиын сәтте бірінші көмекке келеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шын мәнінде, құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, ешқандай қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл – өте абыройлы іс, жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады.

Мемлекет азаматтық қорғау саласын күшейте түспек. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты және тиімді шаралар жүзеге асырылып келеді. Елімізде Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылып, салаға бөлінетін қаржы екі жарым есе артқан. Соның нәтижесінде жүздеген жаңа техника алынып, ондаған өрт сөндіру деполары мен құтқару станциялары салынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы екі жыл ішінде сала мамандарының еңбекақысы 77 пайызға өсті, енді оларға арнайы үстемеақы төленетін болды. Сондай-ақ тұрғын үй төлемдері мен әлеуметтік жеңілдіктер беріле бастады. Жалпы, бұл жұмыс міндетті түрде өз жалғасын табады.

Соңғы уақытта әлемде табиғи және техногендік апаттар көбейіп келеді. Президент құтқарушыларды даярлау ісіне ерекше назар аудару қажет екенін айтып, бұл бағытта мемлекеттік органдармен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен өнер өкілдерінің де үлесі маңызды екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құтқарушы еліміздегі ең беделді мамандықтың біріне айналуға тиіс. Мемлекеттік органдар құтқарушыларға қоғамда лайықты баға берілуі үшін барынша шара қабылдауға міндетті.

Тәртіп, жанашырлық және бір-біріне көмек көрсету сияқты өмірлік қағидаларды қоғамда орнықтыру ісінде құтқарушылар өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Мемлекет басшысы оқу орындарында Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің қамқорлық тәжірибесін енгізіп, салауатты өмір салтын насихаттауға мән беруді тапсырды. Сонымен қатар спорт саласында бедел қуған емес, шынайы жанашыр басшылардың көбеюі қажет екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі рухы мықты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу – ұлт сапасына тікелей әсер ететін фактор. Осы бағытта министрлік спорт федерацияларымен өзара байланыс орнатып, белсенді жұмыс істеуі тиіс.

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің ел қауіпсіздігі жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік. Қиындыққа тап болған жандар ең алдымен құтқарушылардан көмек күтеді. Бүгінде азаматтық қорғау саласының қызметкерлері өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Олар сын сағатта жанқиярлық көрсетуге дайын тұрады. Тіпті, осы жолда құрбан болған ерлеріміз аз емес. Өткен отыз жылда 72 құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Біз батырларымыздың есімін ешқашан ұмытпаймыз. Олар отаншыл және антқа адал болудың тамаша үлгісін көрсетті.

Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы қызметтік борышын өтеу кезінде ерекше ерлік көрсеткен бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады. Президент олардың қайсар рухы мен ерлік жолы елге үлгі екенін атап өтті.