Қызылжарда сот орындаушылары салық төлеуден жалтарған

Қызылжарда сот орындаушылары салық төлеуден жалтарған. Облыстық прокуратура тексеріс жүргізіп, 25 сот орындаушысының 2023 жылғы салық декларацияларында нақты табыстарын едәуір төмендетіп көрсеткенін анықтаған. Жасырылған түсімдердің сомасы 133 миллион теңгеден асады. Соның салдарынан мемлекетке 13 миллион теңгеден астам қаражат түспей қалған. Мәселен, бір сот орындаушысы табысын нөл деп көрсетіп, шын мәнінде 459 атқару құжатын орындаған. Нәтижесінде одан төрт жарым миллион теңге пайда тапқан. Қазір бірқатар сот орындаушысы өз декларациясын қайта қарап, берешекті өтей бастады.

АРЫСТАН ШЫНТЕМІР, СҚО ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:

Салық органы камералдық бақылау жүргізді. Нәтижесінде 11 жекеменшік сот орындаушысы 27,4 миллион теңге сомасында қосымша декларация тапсырды және 2,6 миллион теңге көлемінде жеке табыс салығын ерікті түрде төледі. Қазіргі уақытта прокурорлық қадағалау актісін орындау мақсатында уәкілетті орган салық берешегін өндіру бойынша шаралар қабылдап жатыр.