Мәжіліс спикері ТүркПА Бас хатшысын қабылдады

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасанды қабылдады.

Ерлан Қошанов Рамиль Гасанды ТүркПА Бас хатшысы қызметіне кірісуімен құттықтап, оның кәсіби біліктілігі мен түркі елдері ұйымдарындағы мол тәжірибесін атап өтті.

Мәжіліс спикері түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы Қазақстан үшін басым бағыт екенін айтты. Сондай-ақ жуырда Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің маңыздылығына тоқталды. Мәжіліс төрағасы саммит нәтижелері ТүркПА жұмысына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Ұйымның қазіргі төрағасы ретінде Ерлан Қошанов ТүркПА ішінде өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірнеше маңызды міндетті атап өтті.

ТүркПА Бас хатшысы Мәжіліс төрағасына ұйым құрамындағы парламент төрағаларының бейресми кездесулерін жандандыру, әйел депутаттар мен жастар бағытындағы жұмысты кеңейту туралы ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ ТүркПА елдерінің мүдделерін басқа да парламентаралық алаңдарда өзара қолдаудың маңыздылығы жөнінде идеялар ортаға салынды.