Көктайғақ, аяз болады

Фото: Қазгидромет

Еліміздің бірқатар облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды.

Қазгидромет синоптиктерінің болжамы бойынша, 19 қазан күні еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады: жел күшейіп, тұман түседі, көктайғақ және аяз болады.

Астанада түнде және таңертең тұман түседі. Ауа температурасы түнде -1…+1°С, күндіз +7…+9°С болады. Желдің жылдамдығы секундына 12 метрге дейін жетеді.

Атырау облысында желдің екпіні 20 м/с дейін күшейеді, өңірде өрт қаупі жоғары. Ақмола облысында түнде және таңертең тұман болады, желдің жылдамдығы 20 м/с дейін жетеді.

Жетісу, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында да жел тұрады.

Қызылорда облысында түнде 1- 6°С дейін аяз болады. Маңғыстау облысында жел 18 м/с, өрт қаупі жоғары. Қарағанды және Жамбыл облыстарында түнгі уақытта тұман түсіп, жел күшейеді.

Синоптиктер тұрғындарға ауа райы болжамын мұқият қадағалап, көлік қозғалысы кезінде сақ болуға кеңес береді.

Жел мен көктайғақ кезінде ұзақ жолға шықпау, ал ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау маңызды екені ескертілді.