Павлодар өңірінде шөп бағасы өзгерді

Фото: АШМ

Қазір облыста шөптің тоннасы 20-25 мың теңге тұрады. Фермерлер мал азығын жеткілікті көлемде жинап алған.

Ертіс-Баян өңірінде мал азығының қымбаттауы байқалып отыр. Шөптің тоннасы кейбір жерлерде 25 мың теңгеге саудаланып жатыр.

- Қолдағы жедел ақпараттарға сүйенсек, шөп бағасының өсуі тіркелді. Бір тонна шөптің бағасы 20 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл баға өткен жылғымен салыстырғанда 5-10 % қымбат. Шөп бағасының артуы негізінен далалы жерлерде кездеседі. Себебі аталған аумақтардағы шабындықтың өнімділігі жайылмаларға қарағанда аз болып келеді, - дейді өңірлік Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсаринов.

Соңғы деректерге сүйенсек, облыста өткен жылдардан қалған мал азығын есептегенде 1 млн 215 мың тоннадан астам шөп қоры бар. Бұл қолда бар төрт түлікті қыстан аман алып шығуға толық жеткілікті. Облыста шамамен 499,7 мың бас ірі қара, 700 мыңға жуық қой-ешкі, 305,4 мың жылқы бар. Қыстақтарға 450,6 мың бас ірі қара, 615 мың қой-ешкі, 273,1 мың бас жылқы кіреді деген жоспар тұр.