Атырауда апатты үйлер бұзылып жатыр

Видеодан скриншот

Исатай ауданы Тұщықұдық ауылында 1960–1970 жылдары салынған екі қабатты үш тұрғын үй апатты деп танылып, толықтай бұзылуда. Бұған дейін осы үйлерде барлығы 17 пәтер болған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес, апатты үйлердің тұрғындары үшін жаңа, заманауи стандарттарға сай 17 пәтерлі тұрғын үй салынды. Қыркүйек айында исатайлықтар жаңа баспаналарына көшіп үлгерді.

Аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейісовтың сөзінше, жаңа ғимарат барлық инженерлік жүйелермен қамтылған: газ, су, электр және кәріз жүйелері жүргізіліп, ауласы абаттандырылған. 

- Бұл бастама аудан тұрғындарын қауіпсіз әрі ыңғайлы баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, апатты үйлер мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған нақты нәтиже болып отыр, - деді ол.

Сала мамандарының айтуынша, апатты үйлерді жөндеу және жаңалау жұмыстары аудан бойынша кезең-кезеңімен жалғасады.