Германиядағы кітап жәрмеңкесінде 350-ге жуық отандық туынды таныстырылды

Германияда 77-ші Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті. Оған 30-дан астам қазақстандық баспа өкілі мен әдебиет саласының делегациясы қатысып, 350-ге жуық отандық кітап таныстырылды. Жәрмеңкеде «Көшпенділер ойындары» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Онда  қазақ халқының дәстүрлі ойындары – бәйге, көкпар, тоғызқұмалақ, асық ату, қыз қуу, жамбы ату – ұлттық философия тұрғысынан сипатталған. Кітап иллюстрациялары жасанды интеллект технологиясы арқылы жасалып, дәстүр мен инновацияны үйлестіреді. Бұл тәсіл қазақстандық баспалардың қазіргі заман талабына сай жаңа бағытта дамып келе жатқанын көрсетті. Айта кетейік, бұл жәрмеңке -әлемнің ең ірі баспа және мәдени алаңдарының бірі. Жыл сайын  90-нан астам елдің төрт мыңға жуық ұйымы, баспагерлер мен авторлар, аудармашылар мен әдеби агенттер жиналады. Қазақстан павильоны Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.