Оралдық студенттер ауадан су алатын құрылғы жасап шығарды

Оралдық студенттер ауадан су алатын құрылғы жасап шығарды. Өнерлі өрендер мұнымен шектелмей, дрон аулайтын қондырғыны да құрастырған.  Әзірге бұл жобаның әлемде баламасы жоқ. Егер тапсырыс беруші табылса, өндірістік көлемде өндіруге болады дейді, жастар. Толығырақ Еркін Карин айтады. 

Дәурен серіктерімен бірге ауадан су бөліп шығаратын құрылғы жасапты. Титімдей аппарат күн сайын 200 грамм су өндіреді. Егер мұны үлкейтіп, қуаттылығын арттырса, тіршілік нәрінен тарыққан елдімекендерді сумен қамтуға болады дейді жас өнертапқыштар.

ДӘУРЕН ҚОЖАҒҰЛ, СТУДЕНТ:

Конденсат арқылы алады. Яғни, буланып қалады ғой. Сол будың ішінде су бар. Яғни, өзіне ауаны тартады. Мына жерде орналасқан пластиналар бар. Пластиналар оны салқындатады. Ал мына артында тұрған желдеткіш оны қыздырып, осындай тамшылармен су асықпай ағады. Ішуге жарамды, су сүзгіден өтеді.

"Егемен елдің ертеңі - жалынды жастар" форумына Дәурен секілді озық ойлы жүздеген студент қатысты. Әрқайсысы - түрлі салада топ жарған үздіктер. 

НҰРСҰЛТАН СӘРСЕНБАЕВ, БҚО ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осындай пікір алаңдары, өзекті мәселелерді көтеру алаңдары алдағы уақытта да жастарымызды жан-жақты дамытуға өзінің септігін тигізеді деп ойлаймыз. Осы жерге келіп отырған жастарымыз көштің басында өз өңірлерінде, қалада белсенді әрдайым, жастар ұйымдарында жұмыс істейтін және сол ұйымдардың волонтерлері болып қызмет атқаратын жастар.

Форумға қатысқан жастарға ІТ саласында жетістікке жеткен мамандар мен кәсіпкерлер құнды кеңес беріп, үздіксіз білім алудың маңызына тоқталды. Жетістікке жетудің құпиясын айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.