Ақтаудың «Каспий» футбол клубы 31 жылдан кейін Премьер-Лигаға шықты

  • AstanaTV
  • 20 қазан 2025

Ақтаудың «Каспий» футбол клубы Премьер-Лигаға шықты. Осыған орай қалада спортшыларды құттықтауға арналған салтанатты рәсім өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, спортшыларды, жаттықтырушылар штабын және клуб басшылығын құттықтап, марапаттады.

«Каспий» футбол клубының Премьер-Лигаға шығуы және спорттық маусымның сәтті аяқталуына орай   салтанатты шара өтті. Облыс әкімі клубтың жетістіктері спорт қауымдастығы үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін де маңызды оқиға деді.

НҰРДАУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Тәртіп бар жерде, сыйластық бар жерде, адамгершілік бар жерде нәтиже көрсетуге болатынын өздеріңіз дәлелдедіңіздер, Каспийдің жігіттері сіздерге көп көп рақмет, сіздермен мақтанамыз.осы кездердің бәрі толған эмоция болды, уайым болды, кейбір ойындарыңызға бармай қалдық, ұтылып қалса қара бет болып кетеміз деп, кешірім сұраймыз,сенбегенде сәттеріміз болды біз де адам баласымыз, бірақ кеше Бейнеуде отырған кезде Нұртас звондап телефон соғып, төбеміз көкке жетіп Ақтауға шығып кетуге сәл қалдық.

«Каспий» клубы Қазақстан Бірінші лигасының 2025 жылғы маусымында жеңіске жетіп, мерзімінен бұрын Қазақстандық Премьер-Лигаға жолдама алды. Бұл жеңісті команда 25-турда қарағандылық «Шахтерді» өз алаңында 3:2 есебімен ұтып, ресми түрде рәсімдеді. Осы нәтижеден кейін «Каспий» 65 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап, екінші орындағы «Ертіс» және үшінші орындағы «Шахтерден» айтарлықтай басым түсті.

РУСЛАН ЭСАТОВ, «КАСПИЙ» ФК БАС БАПКЕРІ:

«Шахтер» мен «Ертіс» сияқты мықты, тарихы бар клубтармен бәсекеге түсу оңай болған жоқ. Олар Қазақстанның чемпиондары, Чемпиондар Лигасында ойнаған командалар. Ал біз – «Каспий» футбол клубы, әзірге кішігірім клубпыз деуге болады, бірақ сол мықтыларға лайықты қарсылас бола алдық.

Бұл жетістік – спорттық инфрақұрылымды дамыту, жас таланттарды қолдау және өңірдің футбол жағдайын жақсарту бойынша жасалған жүйелі жұмыстың нәтижесі.