Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының әлеуеті орасан зор

Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан қатынастарының жоғары деңгейге жетуіне, ең алдымен, Президент Ильхам Әлиев елеулі үлес қосқанына назар аударды.
 

– Сіздің тұрақты қолдауыңызды жоғары бағалаймын. Бүгінгі Әзербайжанның айтулы жетістіктері Сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен тікелей байланысты. Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы декларацияның тарихи маңызы зор екенін арнайы атап өткім келеді. Сіз саяси ерік-жігер мен стратегиялық көрегенділік танытып, күрделі түйткілдерді шешудің және келешек ұрпақ тағдыры үшін жауапкершілік арқалаудың парасатты жолын нұсқадыңыз. Екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластық жаңа кезеңнің бастауы ретінде бүкіл аймақтағы және өңірден тысқары ынтымақтастық көкжиегін кеңейткеніне еш күмән жоқ. Біз бауырлас Әзербайжанның жетістігіне шын жүректен қуанамыз, мықты әрі прогрессивті мемлекет құру жолындағы асқақ мұраттарының орындалуына тілектеспіз. Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының әлеуеті орасан зор. Оны толық іске асыруға еш кедергі жоқ. Оған берік саяси сенім де, ортақ құндылықтарымыз да, ең бастысы, халықтарымызды жақындастыруға деген шынайы ұмтылыс та бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйледі.