Қазақстан мен Әзербайжан 16 меморандумға қол қойды

Қазақстандық IT-жобалар Әзербайжанда сұранысқа ие. Каспийдің ар жағындағы көршіміз  мектептегі қауіпсіздікті бақылайтын заманауи жүйені бізден сатып алмақ. Бұл туралы  Қазақстан – Әзербайжан бизнес форумында айтылды. Бауырлас мемлекеттер жиын барысында 16 бірлескен жобаның бастауға келісім жасады.

Әзербайжан мектептеріне қазақстандық ақпараттық жүйе орнатылады. Жоба құны 200 млн долларға жетпек. Атап айтқанда, жуырда азат етілген Таулы Қарабақтағы жаңа мектептерде бала қауіпсіздігін бақылауды отандық Ай-Ти жобаға сеніп тапсырды.

ОРАЛХАН ОМАРОВ, КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Өзіміздің ақпараттық жүйемізді шет мемлекеттерге қолданысқа енгізу Қазақстан үшін өте тиімді болады деп есептейміз.

Еліміз инвестициялық климатты жақсарту үшін көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Әзербайжандық әріптестер де бұған оң бағасын беріп, отандық нарыққа үлкен қызушылық танытып отырғанын жасырмады.

ЭМИН САДИГ, ҚАЗАҚСТАН-ӘЗЕРБАЙЖАН ІСКЕРЛІК КЕҢЕСІНІҢ ТЕҢТӨРАҒАСЫ:

Қазақстанның инвестиция тартудағы әлеуеті мол. Бізге үлкен нарық ашылып отыр. Бізде бар технологияны енгізуге де мүмкіндігіміз жеткілікті. Ол дегеніміз, біз өндірісімізді Қазақстанда орналастырып, жергілікті азаматтар үшін жұмыс орындарын ашамыз.

Жалпы, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда айналымы 2024 жылы 543 млн доллар болған. Биыл алғашқы жарты жылдың өзінде 343 млн долларға жетті. Яғни, жыл санап, бауырлас елдердің экономикалық байланысы артып келеді. Осы көрсеткіштің 90 пайызы Қазақстандық экспорт екенін де ерекше атап өткен жөн.

АЙДАР ӘБІЛДАБЕКОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бүгінгі форумның мақсаты – сауда-саттықты ұлғайту екені түсінікті, әрине. Бірақ, терең үңілген де жақсы. Осы жолы біз Ай-ти технологияларға басымдық беріп отырғанымызды көрдіңіздер. Бір-бірімізде жоқ технологияларды алмасу арқылы бірлесе дамуды көздеп отырмыз.

Әзербайжандық кәсіпкерлермен бірлесіп Алакөл жағасында заманауи шипажай салынады. Сонымен қатар, еліміздің дүкен сөрелерінде тағы бір денсаулыққа пайдалы минералды су пайда болмақ.