Мемлекет басшысы телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашты

Бүгін еліміздің машина жасау саласында жаңа кезең басталды. Мемлекет басшысы телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытының ашылуына қатысты. Қостанайдағы жаңа кәсіпорын - Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың нақты жемісі.

Қостанай - бүгіннен бастап еліміздің автоөнеркәсіп картасында жаңа серпін алған аймаққа айналды. Осыдан екі жыл бұрын KIA Sportage көлігінің өндірісі іске қосылған еді. Бүгін заманауи KIA Qazaqstan зауыты ашылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінгі айтулы оқиға Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестік пен табысты қарым-қатынастың жарқын көрінісі екені анық. Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы сенімді әріптесі. Біз ынтымақтастығымызды күшейте түсуге мүдделіміз.

KIA Qazaqstan зауыты - Қостанайдың индустриялық аймағында орналасқан заманауи өндіріс орталығы. Инвестиция көлемі - 130 миллиард теңгеден асады, ал қуаты жылына 70 мың көлік шығаруға жетеді. Кешен мың жарым адамды жұмыспен қамтып отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әлемдік автоалпауыт еліміздегі зауытты іске қоспай тұрып, Қазақстан және Корея университеттерімен, колледждерімен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қоя бастады. Бұдан бөлек, білікті кадрларды даярлау үшін компания корпоративтік оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр. KIA осы арқылы қызметкерлерге қамқорлық – ұйым мәдениетінің маңызды бөлшегі екенін көрсетеді.

Былтырдың өзінде машина жасау саласына 290 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш екі жарым есе артқан.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өткен жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік шығарылды. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Саран қалаларында автокөлік өндірісіне қатысты кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Он мыңнан астам азаматымыз осы салада еңбек етеді.

KIA корпорациясы бүгінге дейін әлемнің бірнеше елінде зауыт салғанымен, Орталық Азияда мұндай өндіріс алғаш рет іске қосылды. Жаңа кәсіпорынның өнімі Қазақстан нарығымен қатар, ТМД және алыс шетел елдеріне экспортталмақ.

ДЕ КИ КИМ, "KIA QAZAQSTAN" БАС ДИРЕКТОРЫ:

Осы уақытқа дейін Орталық Азияда, тіпті жалпы Азия аймағында бірде-бір зауытымыз болған жоқ. Енді біз мұнда жергілікті нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге және көліктерді ТМД мен алыс шетел елдеріне экспорттауға бағытталған зауыт ашып отырмыз.

Президенттің тапсырмасымен экономиканы тұрақтандыру мақсатында енді азаматтарға автокөлікті лизингпен, яғни қайтадан жеңіл несие арқылы алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Сонымен қатар отандық автонесиелеу нарығы дамып, сұранысты ішкі өндіріс есебінен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

АРТУР МИСКАРЯН, АВТОМОБИЛЬ НАРЫҒЫН МОНИТОРИНГТЕУ ЖӘНЕ ТАЛДАУ АГЕНТТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан 2017 жылдан бері көлікке сұраныс ең жоғары елдердің қатарында келе жатыр. Сонымен қатар көлік нарығы да сұраныспен бірге өсіп келеді. Экономикадағы өзгерістерге қарамастан халықтың төлем қабілеттілігі жақсы нәтиже көрсетіп отыр, сонымен қатар жаңа ыңғайлы тетіктер де енгізіліп жатыр, соның арқасында халыққа түсетін ауыртпалық та азайып, нарық айтарлықтай қол жетімді болып келеді.

Қостанайдағы жаңа автозауытта өндіріс локализациясы басты басымдық ретінде белгіленген. Бұл - автокөліктердегі қазақстандық үлесті арттырып, ел ішінде қосалқы бөлшектер мен қызмет көрсету жүйелерін дамытуға жол ашады. Сарапшылардың айтуынша, зауыттағы әр жұмыс орны жанама түрде тағы 5-6 адамды жұмыспен қамтып, шағын және орта бизнестің өркендеуіне ықпал етеді.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Экспорттық әлеуетімізге де оң әсерін тигізеді. Яғни зауыттан шыққан автокөліктер Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одаққа қатысы бар елдерге шығарылады. Бұл біздегі төлем баланстың жақсарып, Қазақстандық авто брендтің дамуына өз әсерін тигізеді.  

Мемлекет басшысы KIA корпорациясының президенті Хо-сунг Сонгты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттап, компанияның ел экономикасына және екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа қосқан үлесін ерекше атап өтті. Жаңа зауытының іске қосылуы қазақстандық автоөнеркәсіптің сапалық серпіні. Болашақта мұнда шығарылған көліктер тек ел ішінде емес, шетел жолдарында да жүйтки бастамақ.