Жамбылда ен далаға жайылған есек елдің есін кетірді

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2025

Жамбылда ен далаға жайылған есектен жұрт зәбір көруде. Екі мыңнан астам жануар жайылымда түйір шөп қалдырмай, ауылдың айналасын ақ топыраққа айналдырған. Енді ол аздай өрісіміз өлексеге толып, өзеннен ауру тарап кете ме деп алаңдайды. Өйткені, Талас өзенінің бойын жағалай жатқан ел, осы сумен егістігін де, малын да суарып отыр. Тастұяқтан көресінді көрдік деген көпшілік не істерін білмей дал. 

Есебі жоқ есек елдің есін шығарып, бұл мәселе бұқараның басты бас ауруына айналған. Осыдан үш жыл бұрын 300 есек асырап бастаған бизнесмен салпан құлақтың сүтін кептіріп дәрі шығарып, еті мен терісін көрші елге жіберіп, көп пайдаға кенелеміз деп жұртты алдапты. Жан-жақтан 1 есекті 25 мың теңгеге қабылдап санын 2300 ге жеткізіпті. Есек шаруашылығын ашқан азамат жергілікті кәсіпкермен келісіп 400 гектар жерді қоршап тұяқты жануарды сонда ұстап келген. Қоршау ішін кеміріп тып- типыл еткен соң есектер   елдің өрісі мен шабындық, тоғайларын тас талқан еткен. Енді міне жайылымнан жейтін шөп таппай аштан арам қатып жатқан көрінеді.  Өлекселері өзенде ағып, сүйектері жан-жақта шашылып жатыр.

Көпшіліктің көңілі түсіп, ауылдарға ауру тарап кете ме деп алаңдайды.  Жайылымды жайпағаны аздай, ауыл ішіне еніп жұрттың жинаған шөбін жеп кетіп жатыр дейді. 

ҚАЗТҰРҒАН БОЛЫСБАЕВ, ШАХАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тоғайдың әр бұрышында өліп жатқан ешектер. Ол іріп жатыр, шіріп жатыр сумен ағып кетіп жатыр.

ЖАҚИЯ АЯҒАНОВ, ШАХАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балдардың дарбызын, еккен жоңышқаларын бәрін түк қоймай таптап кетіп жатыр. Сол жердің ақ топырағын шығырып кетті. 

СЕЙТХАН МЕДЕЛИЕВ, ШАХАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Төменгі жақтағы елдер де су ішеді, басқа болады. Ауру тарап кетуі де мүмкін ғой.

БЕРІК ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Жайылымды жайпап, айналасын тақыр жер қылып тастаған есектердің топ тобы мәне осылай ауыл маңында жайылып жүр. Өлексесі өзендерде ағып, қаңқасы мен жүні жан-жақта шашылып жатыр.

Жергілікті билік бұл жағдайдан хабардар, бірақ еш шара қолдана алмай отыр. Себебі, бұл істі бастаған бизнесмен білгенін істеп, аймақ басшыларының айтқанына көнбейтін көрінеді.

ОЛЖАС БАҚҚАРАЕВ, БАЙЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Оны құзырлы органдарға да бердік. Арнайы инспекцияға да бердік, ветеренария службаға да бердік. Ол кісіні біз бірнеше рет шақырдық. Дегенімен ол бізге әкімдікке келмейді. Телефонын мүлде көтермейді. Әр хабарласқан сайын 20-30 күнде алып кетемін деп айтады, дегенімен алып кетпейді.

Ал, облыс әкімінің орынбасары ел есектен құтыла алмай отырғанда еліміздегі әрбір азамат есек бағуға құқылы деп айды аспаннан бір-ақ шығарды.

ӘБІЛХАЙЫР ТАМАБЕК, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әр ҚР-нің азаматы есек бағуға құқылы. Қазақстан аумағында ешқандай жер әкімдік тарапынан берілмейтінін айттық, оларға. +чиптады, базада тұр. Қытай тарапы жасыл дәлізді ашқан кезде, ол есектердің барлығын Қытайға алып кету туралы талап қойып жатырмыз.   

Өлекселерден сынама алынып, экспертиза тағайындалған. Оның қорытындысы үш күннен соң шығады.