Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа әдісі пайда болды. Олар азаматтардың жеке қауіпсіздігі үшін жасалған «Стоп кредит» қызметін айналып өтуге тырысады. Бұл сервис адам келісімінсіз несие алуға тыйым салады. Алаяқтар өзін салық қызметкері ретінде таныстырып, қорғанысты өшіруді сұрайтын көрінеді. Егер адам сенсе, жеке деректер заңсыз несие рәсімдеуге пайдаланылады.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
“Атыңызға кредит рәсімделіп жатыр, тоқтату үшін ‘стоп кредит’ ашу керек” — соңғы уақытта алаяқтар дәл осылай сенімге кіріп, адамдарды алдап жүр. Бұл үлкен қаржылық шығынға әкелуі мүмкін.
Телефон алаяқтары адамның сеніміне кіру үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Көп жағдайда олар жеке деректеріңізді біліп, өзін ресми қызметкер ретінде таныстырады. Зарема Тұрсынбаева дәл осындай жағдайға тап болған.
ЗАРЕМА ТҰРСЫНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
3-4 күн бұрын жаңа банктан счет ашқам. Сол күннен кейін белгісіз бір номерден хабарласып «бізде тексеру жүріп жатыр. Еговқа кіріп, доступ ашыңыз» деді. Енді аты-жөнімнің бәрін айтып тұрғаннан кейін мен рас деп ойладым. Содан кейін счет ашқан банктің өзіне қайта хабарластым. Сосын банк қызметкерлері «бізде ешқандай тексеріс жүріп жатқан жоқ. Олар мошенниктер шығар» деп түсіндіріп айтты.
Бүгінде «Стоп кредит» жүйесін 3 миллионға жуық адам қолданады. «Жүйені өз еркіңізбен өшіру — алаяқтардың құрбаны болу қаупін арттырады» - дейді мамандар.
ҒАДІЛБЕК ӘКІМ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Біреуге звондап сұрап жатса, өшіре тұрыңыз деп ресми орындардан сұраса бұл жерде маңызды мәселе мемлекеттік орган өкілдері ешкімге телефон шалып, пароль беріңіз, код айтыңыз деп ешқашан айтпайды.
Алаяқтардың негізгі айласы — шетелдік нөмірлер арқылы хабарласып, сенімге кіру. Байланыс операторлары 67 миллионнан астам күмәнді қоңырауды бұғаттағанымен, қылмыскерлер жаңа жолдарды табуда. Қала тұрғындары күмәнді қоңыраулар жиі түсетінін жасырмады.
БЛИЦ:
- Негізі күніне екі рет деп айтуға болады. Соңғы хабарласқанда роумингінде Нигерия деп шығып тұр. Көрген кезде сразу трубканы тастай салам.
- Бірде маған қоңырау шалып, «сізге сәлемдеме бар» деді. Алдымен өздерін салық қызметіненбіз деді, кейін «Қазпоштаданбыз» деп шықты. Сосын код сұрады. Ал ол код 1414 нөмірінен, мен eGov деп ойладым. Сосын телефонды қоя салдым.
- Сенбеймін. Жауап та бермееймін.
- Сатуға зат қойған кезде хабарласты номермен. Казпочтаға жіберсеңіз казпочтадан алам дегендей. Басында сендім.
- Блок қойып қойғам «фокусирование» деп аталады. Маған левый номерлерден адамдар хабарласа алмайды.
Құқық қорғау органдары алаяқтық деректерінің көбейіп кеткенін растайды. Кибералаяқтықпен күресу мақсатында Заңға дропперлікке қатысты арнайы бап енгізілді.
АСЛАН ӨСКЕМБАЕВ, ҚР ІІМ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Дропер деген Қазақстанның немесе шет ел азаматы болуы да мүмкін. Дроперлердің өз иерхиясы болады. Біз жауапкершілікке бұлардың үстінде тұрған дроповод деген жоғарғы тұрған кураторлары ғой. Оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша 3 ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша қылмыстық істер қозғап, жауапкершілікке тарттық. Сотқа жолдадық.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы 9 айда интернет алаяқтық бойынша 20 мыңға жуық дерек тіркелген. Былтырғымен салыстырғанда биыл жәбірленушілер саны артып отыр. Ресми органдар кез келген күмәнді жағдай туындағанда 102 немесе 1414 нөміріне хабарласуға кеңес береді. Бұл – өзіңізді және қаржыңызды қорғаудың ең қарапайым жолы.