Республика күніне орай Маңғыстау облысында жаңа нысандар ашылды

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2025

Республика күні қарсаңында Маңғыстау облысында «Жаңа құбыр технологиялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің екі жаңа өндірістік цехы салтанатты түрде ашылды. Бұл жобалар Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.

Өндірістік алаңдар Ақтау қаласының өнеркәсіптік аймағында орналасқан. Алғашқысы – Қазақстандағы иілгіш полимерлі арматураланған құбырларды шығаратын тұңғыш инновациялық цех. Жобаның инвестиция көлемі – 3,5 миллиард теңге, өндірістік қуаты – жылына 300 шақырым құбыр. Өнімдер мұнай-газ және химия өнеркәсібінің қажеттіліктеріне бағытталған.

Екінші цех – болат және сорғы-компрессорлық құбырлардың ішкі бетіне коррозияға қарсы жабын жағуға арналған. Инвестиция көлемі – 5 миллиард теңге, жылдық қуаты – 600 шақырым құбыр. Бұл өнімдер мұнай, газ және химиялық сұйықтықтарды жоғары қысыммен тасымалдауда қолданылады.

УСЛАН БОЗАХАРОВ, «ЖАҢА ҚҰБЫР ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ» ЖШС ЗАУЫТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мұндай кәсіпорындардың ашылуы өңірдің экономикалық дамуына серпін береді. Бұл – жаңа жұмыс орындары мен жергілікті мамандарды дамыту мүмкіндігі. Жобалар аясында қазірдің өзінде 125 жаңа жұмыс орны құрылды. Өндіріс толық қуатында іске қосылғаннан кейін тағы 25 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

Ал Мұнайлы ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 11-ші білім ошағы пайдалануға берілді. Ол 900 оқушыға арналған.

НҰРДАУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы — еліміздегі білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Заманауи мектептердің ашылуы қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтып, балалардың әлеуетін ашуға және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге барлық жағдай жасайды.

Жалпы ауданы 9 мың шаршы метрден асатын заманауи мектепте 45 оқу кабинеті бар. Олардың қатарында дизайн және технология, тамақтану мәдениеті және пән кабинеттері жасақталған.