Мәжіліс 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдады

Мемлекеттің 33 трлн-нан аса қарызы бар. Әсіресе, сыртқы берешек бастан асты.  Бірақ басшылар соған қарамастан тағы өзгеден ақша сұрауды жоспарлап отыр. Сол арқылы қазіргі қарызды жабамыз дейді. Министрлерден әбден көңілі қалған депутаттар бұл барып тұрған «ақымақтық» дейді. Сонымен, Үкіметтің не ойлағаны бар? Бюджет мәселесі қалай шешіледі? Әріптесім Аружан Задабек тарқатады.

Үкімет  былыққа батып, берешегін өтей алмай жүр. Бұл- жаңалық емес. Мәжіліс береріміздің көп екенін  бюджетті қараған сайын айтады. Құтыламыз ба десек, керісінше, көбейіп жатыр.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Мемлекеттік қарыздың негізгі бөлігі – 76%, ішкі нарықтан алынған қарыздар. Біз оларды бюджет тапшылығын жабу үшін аламыз. Қалған 24% – сыртқы нарықтағы қарыздар.

Мемлекет тағы қарыз аламыз деп бекініп отыр. Бұлай жалғаса берсе 2028 жылға қарай берешек екі еселеніп, 57 трлн-ға жетуі мүмкін.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл — бюджет шығыстарының 15 пайызы. Мұндай тәуелділік — экономикалық қатердің нақты көрінісі.

Мәселенің ушыққаны Үкіметтің де маңдайына тигенге ұқсайды. Енді қыстың қамын жазда ойлайық деп алдағы жылдарға бюджет қаржысын жоспарлауға кірісті.

Республикалық бюджеттен халықты әлеуметтік қорғауға 6,8 трлн теңге бағытталатын болды. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы - 2,7 трлн теңге. Бұл – биылғы жылмен салыстырғанда 107 млрд теңгеге артық. Білім және ғылым саласына 902 млрд беріледі. Ал, мәдениет, туризм және спортты дамытуға берілетін қаржы - 263,5 млрд. Өңірлер де ескерусіз қалмайды. Облыстарды дамытуға 581 млрд теңге берілмек. 

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ — ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Мысалы, Алматы облысында Alatau City қаласы құрылып жатыр. Ол жоба Алматы облысы мен Алматы қаласының агломерациясын дамытуға тікелей септігін тигізеді. Тіпті Жетісу облысын да қамтиды.

Жауапты министрлер бұған дейін Мәжіліс қабырғасына талай келіп, депутаттардың сынына тойып кеткен. Енді ескереміз деп уәдені үйіп-төккені есте. Бірақ сол сөздерге қарамастан шенеуніктер өзгеріс енгізе қойған жоқ. Басқаны айтпағанда, Парламент мінберіндегілер қарапайым бюджет туралы ақпаратты ала алмай әлек болған.

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Депутаттарға бір сапалы аналитика берілмеді. Үкімет осы бюджетті әкелген кезде бір саусағын бүгіп әкелді ме?

Әріптесінің сөзін Еркін Әбіл де қолдай кетті. Депутат бөлінген қаржы аспаннан алынған деп сынады. Мәселен денсаулық сақтау министрлігі өлім-жітімді азайту үшін «дәрігерлерді шетелде оқыту» деген индикатор жоспарлаған. Халық қалаулысы бұл өлім деңгейіне қалай әсер етеді деп аң-таң.

ЕРКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мәдениет және спорт министрлігі азаматтардың 44 пайызы спортпен айналысады десе, денсаулық сақтау министрлігі салауатты өмір салтын ұстанатындар 33 пайыз деп отыр. Бұл екі санның арасында неге мұндай үлкен айырмашылық бар? Сонда 11 пайыз адам спортпен айналысқанымен, салауатты өмір сүрмей ме? Бұл деректердің дұрыстығына күмән туғызады.

Бұл жолы бекітілген бюджеттің басты ерекшелігі - енді ел бюджеті Ұлттық қорға қол жаймайды. Ең бастысы мектеп, аурухана мен мәдениет және спорт нысандарын салуға қомақты қаржы бөлінеді.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл бюджет мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі мен фискальды саясат саласындағы реформалар негізінде қалыптасқанын атап өткен жөн. Бюджет жобасы ұзақ жылдан бері алғаш рет Ұлттық қордан қосымша нысаналы трансферттерсіз әзірленіп отыр. Бұл – толыққанды, Ұлттық қордың қолдауына сүйенбеген бюджет қабылдадық деген сөз. Мұндай нәтиже Мемлекет басшысының қаржы-бюджет жүйесін жетілдіру жөнінде берген тапсырмасын кезең-кезеңімен іске асырудың арқасында мүмкін болып отыр.

Экономикалық өсім нақты сектор мен қызмет көрсету салаларындағы белсенділік арқылы қамтамасыз етіледі. Сыртқы саудадан үміт көп. Экспорт көлемі 77,1 млрд АҚШ долларынан 83,7 млрд долларға дейін өссе, импорт 67,7 млрд доллардан 75,2 млрд долларға жетеді деген болжам бар. Ал Жаңа Салық кодексі бюджет кірісін 3,6 трлн теңгеге ұлғайтады.