5 жылда 2,5 млн адам жұмысынан айырылуы мүмкін

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Жасанды интеллект туралы» Заңы мен ілеспе құжат қаралды. Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды. 

Жасанды Интеллект 2,5 млн адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Себебі, көптеген жұмыс процесі автоматтандырылады. Бұл –Жасанды Интеллект және цифрлық даму министрлігінің болжамы. Жаңадан құрылған ведомство еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйеніп отыр. Бірақ, Сенат отырысына қатысқан вице-министр – Дмитрий Мун адамдар жұмыссыз қалмайтынын айтты. Ол үшін арнайы оқыту курстары қазірдің өзінде басталып кеткен.

ДМИТРИЙ МУН, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандай мамандықтарға қауіп төніп тұрғаны туралы болжам жасап, тізімін дайындап отырады. Ал біз ғылым және жоғары білім министрлігімен, болашақ мамандықтары туралы саралап, олар бойынша маман даярлауды қолға алдық. Бұдан шошудың қажеті жоқ. Кезінде компьютер пайда болғанда, кейбір мамандықтар жойылып кеткенімен, басқалары пайда болды. Сол секілді, қазір де сол процесстің алдында тұрмыз.

Сенат жасанды интеллект туралы заң жобасын Мәжіліске қайта қарауға жіберді. Жалпы, экономикадағы үлесін арттырып, мемлекет дамуына пайдасын тигізуге тиіс нормалар қабылданды. Дегенмен, жеке деректердің қорғалуы мен қауіпсіздікке қатысты өзге баптарға көп сұрақ бар. Сондықтан, жұмыс тобындағы министрлік өкілдері мен халық қалаулылары айтылған өзгерістерді ескере отырып жұмысты жалғастырады.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Заңдарды қарау барысында Сенаторлар бірқатар ұсыныстар берді. Жалпы, бүгінгі қаралған заңдар цифрландыру саласындағы Мемлекет басшысы айқындап берген нақты міндеттерді орындауға өз үлесін қосады деп сенеміз.

Сенаторлар айтқан ескертулерге тоқталсақ, Жасанды Интеллект қолдануымен жасалған контент, дип-фейктерден қорғау секілді шараларға назар аудару қажет. Сонымен қатар, Жоғарғы палата кейбір әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодекстерге өзгеріс енгізу туралы Мәжіліс жобасын да қайта қарауға жіберді.