Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады»

Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі.

«Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күні құтты болсын! Ұлттық мейрам қарсаңында дәстүрге сай Ақорда төрінде мемлекетіміздің үздік азаматтарымен бірге жиналып отырмыз.
Биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырды. Көп ұзамай жұртымыз Тәуелсіздік байрағын көтерді. Тарихи әділдік орнап, ұлттың рухы асқақтады. Сондықтан бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады.Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік – ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі»,-деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ,  «Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз» деп атап өтті. 

«Заңғар ойшыл Әбіш Кекілбаев «Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады» деген. Біз әр кезеңде ұлт тарихында өшпес із қалдырған барлық мемлекет және қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз, оларды ешқашан ұмытпаймыз. Сонымен бірге келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз, биік мақсаттарға ұмтыламыз. Осы жылдарда еліміздің бағындырған белестері аз емес. Біз жер жүзіне егемен мемлекет ретінде танылдық. Шекарамызды шегендеп, іргемізді бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Бірлігімізді бекемдеп, татулық пен тұрақтылықтың арқасында түрлі сынақтардан сүрінбей өттік. Бүгінде жаһан жұрты еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, өз құрметін көрсетуде.
Алайда кемшіліксіз, мінсіз жұмыс болмайтыны анық. Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз.Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды қадамдар жасалды. 2019 жылы ауқымды реформалар қолға алынды. Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу жолына түсті.
Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Конституциялық сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биыл шілде айынан бастап Кассациялық сот жүйесі іске қосылды, бұл қоғамымызда әділеттілікті күшейтуге жағдай жасады»,-деді Президент.

Биыл да қамбамыз астыққа толды, 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды. Ұлттық экономиканы түбегейлі жаңғырту үшін әртараптандыруға баса мән беріп отырмыз деді Президент. Әсіресе, көлік-тасымал саласын стратегиялық маңызды бағыт ретінде дамытып жатырмыз. Қазақстан Еуразияның басты логистика орталығы, яғни хабы болуы керек. Оған еліміздің әлеуеті жетеді, мүмкіндігіміз де мол.

“Өткен айда «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – егемендік кезеңінде салынған ең ірі теміржол құрылысы. Сондай-ақ биыл 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Қытай арқылы ауқымды жүк тасымалдау мүмкіндігіне ие болдық. Қазіргі халықаралық нарықтағы тұрақсыз ахуалды ескерсек, мұны үлкен жетістік деп айтуға болады.Әуе қатынасы саласындағы табыстарымыз да аз емес. Биыл 36 жаңа әуе рейсі ашылды, олардың ішінде Азия мен Еуропаның ірі қалалары бар. Бірақ бұл жүйені одан әрі дамытуымыз керек. Оның үстіне әуе жолдары арқылы жүк тасымалдау жүйесін де (карго) нығайтуымыз қажет. Елімізде өндіріс те дамып келеді. Бұл саланың өсімі жыл басынан бері 7,5 пайызға жетті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Кәсіпкерлер еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтардың жартысына жуығын жұмыспен қамтып отыр.Құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр. Былтыр Қазақстанда 19 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш, нәтижесінде мыңдаған отбасы баспаналы болды. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2,5 есе өсті. Биыл да қамбамыз астыққа толды, 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды. Қазақстанның экспорттық әлеуеті артуда, сауда серіктесі ретіндегі беделі нығаюда”,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.