Оралда Жайық өзені жағасындағы тынымбақ жаңартылды

  • AstanaTV
  • 24 қазан 2025

Оралда Жайық өзенінің жағасындағы демалыс алаңы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Жаңаша кейіпке енген жағалау Республика күні қарсаңында қалалықтарға үлкен тарту болды.

Жағалауға келушілердің тынығуына барлық жағдай жасалған. Субұрқақтар мен ойын алаңдары, желкенді қайық бейнесіндегі шағын сәулет ескерткіші ерекше демалыс орнына көрік беріп тұр. Жаңарған жағалау қала тұрғындарының да көңілінен шыққан.

БЛИЦ:

- Бұрын астаң-кестең болып жататын еді осы жер, қазір міне жақсы.

- Жақында мен Словения деген жерде болғанмын, сонда таң қалғанмын. Жердің бәрі көкпеңбек. Біздің өзімізде де сондай жағдай жасауға болады екен.

- Жұбан ағамыз айтқан ғой: Саған мен дәйім баламын, елім деп сені айтамын. Жаяулап қалсам қаламым. Жыр мініп сенен қайтамын деген. Мінеки, ақындарымыздың жүрегіне жыр болып оралған Жайықтың жағасы міне күз болса да жап-жасыл қалпында тұр.

Аумағы үш гектарға жуықтайтын жағалауды жаңғыртуға 1,3 млрд теңге жұмсалған. Әрі бұл жұмыс үнемі қоғам назарында болды.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Туристер өте көптеп келеді біздің қалаға. Біздің қалаға қазір инвесторлар көп келіп жатыр шетелдік. Мемлекет басшысының да айтып жатқаны осы: қалада өмір сүру сапасын жақсартыңдар, қаланың тұрғындарының жағдайын жасаңдар деп жатыр, міне.

Жайық жағалауын жаңғырту - қаланы көркейту бағытындағы ауқымды жұмыстардың бір бөлігі. Биылдың өзінде Оралда 6 тынымбақ, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жасалды.