Павлодарда Республика күні қарсаңында “Балауса әлем” атты прозалық шығармалар байқауы өтті. Бәйгеге 45 жасқа дейінгі қаламгерлер қатысты. Байқау балалар әдебиетіне арналған. Талап бойынша жазушылар балабақша жасындағы бүлдіршіндер мен бастауыш сынып оқушыларының таным түсінігіне сай келетін ертегі, әңгіме жанрындағы шығармаларын жолдаған болатын. Сөз сайысына 30-дан астам шығарма түсті. Қазылар алқасының шешімі бойынша жазушы Алпысбай Әбділұлының әңгімелері үздік деп танылды. Одан бөлек екінші және үшінші орындарды ақындар Айбек Оралхан, Абзал Қабдраш иеленді. Ал 4 қаламгерге 4 арнайы жүлде табысталды.
АСЫЛБЕК ТУҒАНБАЙҰЛЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ “ҚАЗАҚ ТІЛІ” ҚОҒАМЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біздің Павлодар облысында мұндай байқау бірінші рет өтіп отыр. Бұл байқау басты мерекеміз Республика күніне арналып өткізіліп отыр. Енді Байқаудың мақсаты қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, жастардың шығармашылығын қолдау. Бұл байқаудың негізгі бағыты балалардың әдебиетіне арналып отыр.
БЕЙБІТ БӨЖЕН, АҚЫН, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, “ЛЕП” ӘДЕБИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Балалар әдебиетінің ахуалы сұрайтында ештеңесі жоқ. Бүгін қан жылап тұр. Өйткені, бақшаңыз да, бастауыш сынып оқушыларына да материалдар жетіспей жатыр. Бүгінгі заманның бағытындағы материалдар да, танымдық, этнографиялық әңгімелер де жетпейді. Біз сол бір олқылықтың орнын толтырайық деген ниетпен қолға алған іс.