Алматыда Республика күніне орай төрт жаңа мектеп ашылды

Мегаполисте Республика күніне орай бірден төрт заманауи жалпы білім беретін мектеп салтанатты түрде ашылды. Солардың бірі – Медеу ауданында орналасқан, жобалық қуаты 2 мың оқушыға арналған №220 жалпы білім беретін мектеп.

-Бұл жалпы білім беретін мектеп осы аймақтағы орын тапшылығын толық жабады. Жалпы, 1 қыркүйектен бері қалада 12 жаңа мектеп ашылды. Республика күніне орай осы аптада тағы төрт білім беру мекемесі пайдалануға беріледі. Бесінші мектеп – қараша айында, ал тағы сегізі – жыл соңына дейін «сатып алу» тетігі арқылы іске қосылады, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

Оның айтуынша, мегаполисте биылғы оқу жылында барлығы 24 мектеп ашылады, соның ішінде 21 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр.

-Бұл тарихи максимум. Бұған дейін бір оқу жылында мұншама жаңа мектеп пайдалануға берілмеген. Мұның барлығы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Келешек мектептері» ұлттық жобасының арқасында жүзеге асты, – деді Азамат Қалдыбеков.

№220 мектеп заманауи үлгіде салынған, оның құрамында 83 оқу кабинеті, 4 спорт залы, сондай-ақ асхана, кітапхана, медициналық пункт, конференция залы, спорт алаңы, теннис корты, волейбол және баскетбол алаңдары бар.

-Ғимарат қозғалысы шектеулі адамдар үшін толық бейімделген. Барлық кабинет интерактивті тақталармен және оқу материалдарымен жабдықталған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары орнатылған, – деді мектеп директоры Манат Әшірбекова.