Азиядағы ең ұзын үңгірден алып панданың 52 сүйегі табылды

Фото: Синьхуа

Қытайдың Гуйчжоу провинциясының Суйян уезіндегі Шуанхэ үңгірінен алып панданың 52 сүйегі табылды.

Бұл Шуанхэ үңгірін олжа саны бойынша әлемдегі ең бай орынға айналдырды. Бұл туралы жұма күні үңгірлерді зерттеуге арналған 24-ші халықаралық ғылыми экспедицияның қорытындысына арналған баспасөз конференциясында хабарланды.

Аталған 52 қазбаның алтауы соңғы ғылыми экспедиция кезінде табылған.

- Шуанхэ үңгірінде көптеген сүтқоректінің қазба сүйектері анықталды, олардың ішінде алып панданың сүйектері ең айқын танылатындары, — деді Гуйчжоу провинциясы Ғылым академиясының Таулы ресурстар институтының кіші ғылыми қызметкері Ван Дэюань.

Зерттелген қазбалар Гуйчжоу аумағында алып пандалардың 100 мың жыл бұрыннан бірнеше ғасыр бұрынға дейінгі аралықта өмір сүргенін дәлелдейді. Бұл аймақтың фауналық тарихында үздіксіз хронологиялық тізбек қалыптастырады. Тіс үлгілерін талдау нәтижесінде көпшілігі бамбукпен қоректенетін бұл аюлардың субжасөспірім немесе ерте ересек даму кезеңінде болғаны анықталды.

Қазба орнынан табылған көптеген бас сүйек пен аяқ-қол сүйектері ғалымдарға бұл түрдің дене салмағының эволюциялық өзгерісін зерттеуге мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижесі бойынша алып пандалар ең үлкен салмағына Орта плейстоцен дәуірінде жеткен, содан кейін олардың дене салмағы біртіндеп азайып, қазіргі деңгейіне түскен.

Шуанхэ үңгірінің жалпы ұзындығы 439,7 шақырым. Бұл оны Азиядағы ең ұзын, ал әлем бойынша үшінші орында. 1980 жылдардың соңынан бері мұнда 24 халықаралық бірлескен ғылыми экспедиция жүргізілген.