Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қақпашысы Андрей Морев 52 жасында дүниеден озды. Қаралы хабарды Қазақстан футбол федерациясы растады, деп хабарлайды Astana TV Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Андрей Морев қазақстандық футболда өзіндік із қалдырған ойыншылардың бірі болды. Ол «Жеңіс», «Оқжетпес», «Тобыл» және «Ақтөбе» клубтарының намысын қорғаған.
«Ақтөбеде» ойнаған жылдары екі мәрте Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын жеңіп алды. 2005 жылы Қазақстандағы үздік қақпашы деп танылған.
Морев Қазақстан құрамасы сапында екі матчқа қатысқан. Оның дебюттік кездесуінде қарсылас Түркия құрамасының пенальтиін қайтарып, жанкүйерлер қошеметіне бөленген еді.
Қазақстан футбол федерациясы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.
«Андрей Моревтің есімі отандық футбол тарихында қалатыны сөзсіз. Ол командаластары мен әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады», — деп жазды ұйымның ресми парақшасы.