Қазақстан мен Финляндия президенттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен одан әрі жалғасты, деп хабарлайды Astana TV.
Президенттің айтуынша, Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі саналады.
– Сіздің басшылығыңызбен Финляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүние жүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Александр Стубб фин компаниялары Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
– Бүгінгі кездесулерге дайындық барысында делегациядағы кәсіпкерлердің бірі «Қазақстандағы өзгерістің бәрі жедел жүріп жатқанын түсіну керек. Сондықтан баяу қимылдап, бюрократияға жол беруге болмайды» деді. Бұл дамудың даңғылына түскен елдеріміз үшін қуанарлық жағдай, – деді Финляндия Президенті.