Түркияда жеті қабатты ғимарат құлап, адамдар қиранды астында қалды

фото: ntv.com

Коджаэли провинциясының Гебзе қаласында 7 қабатты тұрғын үй құлады, деп хабарлайды Kazinform.

Түркия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қиранды астында адамдар болуы мүмкін. Әзірге құрбан болғандар мен жарақат алғандар туралы ақпарат жоқ.

Оқиға орнына полиция, өрт сөндірушілер, Түркияның апаттардың алдын алу және жою басқармасы (AFAD), медициналық қызметтер және еріктілер тез арада жіберілді. 

Іздеу-құтқару операциясына 2 кинологиялық топ, қирандылардың астындағы адамдарды анықтауға арналған 8 құрылғы; 2 дрон, 52 техника жұмылдырылды. 

Түркияның ішкі істер министрі Әли Йерликая құтқару жұмыстарына 147 адам, оның ішінде 80 AFAD маманы, сондай-ақ жергілікті муниципалдық қызметтер мен үкіметтік емес ұйымдардың топтары жұмылдырылғанын хабарлады. 

- Іздеу-құтқару жұмыстары жергілікті биліктің үйлестіруімен қарқынды жалғасып отыр. Оқиға орнына министрліктер мен ведомстволардың басшылары келді. Ғимарат қирандыларының астында әлі де 5 адам қалып қойған деген болжам жасалып отыр, - деді министр.