Үшарал қаласының маңындағы тасжолда қызмет атқару кезінде Жетісу облысының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері кәсіби біліктілік пен батылдық танытып, жүк көлігін өртенуден сақтап қалды.
Патрульдеу барысында полиция капитаны Айдын Газизов пен полицияның аға лейтенанты Темірлан Нұрбопа жолдан өтіп бара жатқан жүргізушілердің қол бұлғап: "Фура жанып жатыр!" дегенін байқаған. Жағдайдың қауіпті екенін түсінген полицейлер бірден көрсетілген бағытқа бет алды. Оқиға орнына жеткен кезде олар дөңгелектен қою түтін шығып, жалын көріне бастаған жүк көлігін көріп, жүргізушіге көмекке ұмтылды. Өрт сөндіру қызметі келгенше олар қолда бар құралдар мен патрульдік көліктегі өрт сөндіргіштерді пайдаланып, өз күштерімен отты өшіруге кіріседі. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына тежегіш жүйесінің ақауы себеп болған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Полиция қызметкерлерінің жедел және үйлесімді іс-қимылының арқасында жалын тез арада сөндірілді. Бұл ауыр зардаптардың алдын алды. Жүк көлігінің жүргізушісі дер кезінде көрсетілген көмек пен ерлік әрекеті үшін полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын білдіріп, олардың іс-әрекеті тек көлікті ғана емес, мүмкін адам өмірін де сақтап қалғанын атап өтті.