Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды

Бүгін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды. Президент аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, жаңа нысандарды аралады. Сапар «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының заманауи терминалынан басталды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысына облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берілді.

Жаңа әуежай - аймақтың бет-бейнесін айқындайтын маңызды нысан. Президентке терминалдың жұмысы, жолаушыларға қызмет көрсету үдерісі және қауіпсіздік жүйесі егжей-тегжейлі таныстырылды. 16 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция есебінен салынған әуежай Халықаралық азаматтық авиация ұйымының жоғары стандарттарына сай. Қазір мұнда аптасына 29 рейс орындалады. Терминалдың іске қосылуы өңірдің көлік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, туризм мен инвестицияны да едәуір арттырмақ.

Мемлекет басшысына әкім облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді.  Нұрлыбек Нәлібаев соңғы төрт жылда өңірге тартылған инвестиция көлемі екі жарым есе өскенін айтты. Биылдың өзінде 720 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспарланып отыр, оның басым бөлігі - жеке капитал.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Аудандарда да жалғасын табуда. Аудандарда, елдімекендерде абаттандыру жұмыстары, көгалдандыру жұмыстары, парктерді қайта жаңғырту жұмыстары қазір қарқынды жүруде. Алдағы уақытта да осы жұмыстары жалғастыратын боламыз. Бұл менің жеке бақылауымда болатын болады.

Президентке сондай-ақ өңірдегі бірқатар ірі инвестициялық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында қыш тақта өндіретін зауыт, жылыжай кешені, шыны ыдыстар өндірісі және қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорны бар. Жаңа өндірістер мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, облыс экономикасына серпін бермек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жалпы бұл облыстың дамуы жақсы. Жоғарғы қарқынмен дамып келе жатыр. Жалпы бәрі дұрыс сияқты.

Мемлекет басшысы жобаларды сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге бизнес жүргізу үшін барынша қолайлы жағдай жасау маңызды екенін айтты. Президент өнер орталығына да барды. Мың орындық зәулім ғимарат аймақтың мәдени өміріне тың тыныс берді. Соңғы екі жылда өңірде 18 жаңа мәдениет нысаны ашылған. Оның ішінде «Руханият» орталықтары, музей мен музыкалық колледждің жаңа ғимараты бар. Сапар соңында Президент облыс жұртшылығымен кездесті. Ел дамуының өзекті бағыттары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға ерекше көңіл бөліп, олардың білімді әрі елжанды болуы мемлекет болашағы үшін аса маңызды екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жастарымыз – дарынды, қабілетті. Оларға дұрыс бағдар көрсетіп, жақсы тәрбие, тәлім беру маңызды. Қазіргі заманда есірткі, нашақорлық секілді сын-қатерлер аз емес. Жастардың болашағы – білімде. Ойы ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық жастар – біздің келешегіміз. Бәріміз бір ұлт болып, ел үшін, халық үшін жұмыс істеуіміз керек.

Президент «Таза Қазақстан» акциясының мәнін де ерекше атап өтті. Бұл бастама тек экология емес, елдің рухани тазалығы мен бірлігін айқындайды деді. Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллект саласын дамыту – елдің болашағын айқындайтын маңызды бағыт екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Таза Қазақстан» акциясы кең ауқымда жүргізілуде. «Таза» деген – жақсы сөз. Ең алдымен, арымыз, ниетіміз таза болуы керек. Жалпы Қазақстан таза болуы қажет. Бұл – болмысымызға әсер ететін үлкен іс. Екінші, цифрлық мемлекет құру. Заманауи, озық елге айналуымыз керек. Әйтпесе дамыған елдер көшінен қалып қоямыз. Сондықтан цифрландыруды, жасанды интеллектіні міндетті түрде дамыту қажет. Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Бұдан бөлек, атом стансаларын салуымыз керек. Қазір бірінші стансаның құрылысы басталды. Таяу арада екінші АЭС жобасын қолға аламыз.

Мемлекет басшысы су тапшылығы мәселесіне де тоқталды. Су үнемдеудің заманауи технологияларын енгізу – Сыр өңірінің тұрақты дамуы үшін маңызды екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион берді. Бұл – үлкен мүмкіндік.

Мемлекет басшысы Қызылорда облысының соңғы жылдардағы жетістіктерін жоғары бағалап, мәдениет, инновация және экология саласындағы бастамалар ел дамуының жарқын көрінісі екенін атап өтті. Президент тапсырмалары мен бастамалары аймақ экономикасын нығайтып қана қоймай, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталмақ.