Енді күйзеліске түскен мұғалімдер психологқа тегін бара алады

Енді күйзеліске түскен мұғалімдер психологқа тегін бара алады. Оқу-ағарту министрлігі жаңа жобаны қолға алды. Ұстаздарға арналған арнайы кабинет, әзірге, екі облыстан ашылған. Соңғы кездері ұлағатты жандарға қатысты шу көбейді. Желіде «оқушыны ұрды немесе бала оны боқтады» деген ақпарат көп.  Бұл жүйе осы мәселені ретке келтіру үшін жасалып отыр. Толығырақ әріптесім Аружан Задабек «Өзекті» айдарында айтады.

Қайырлы кеш, көрермен! Өзекті тақырыптарды бірге талқылаймыз, экраннан алыс кетпеңіз!

Қазір бала тәрбиесі темірдей төзімді талап етеді. Ал оның ата-анасымен тіл табысу, тіпті, қиын. Оқушы бірнарсе бүлдірсе кім кінәлі? Мұғалім. Сабақтан тыс уақытта бұзақылық жасаса тағы ұстазды айыптаймыз. Жаңа құжат, бітпейтін тапсырма, электронды жүйе тағы бар. Осындай кезде көңіліне қаяу түскен тәлімгер тұңғиыққа батып, сүйікті ісінен жиреніп кетуі де ғажап емес. Тіпті, жұмыстан шығып, саласын ауыстыратындар жиілеген. Министрлік мәселені шешу үшін жаңа жобаны жасады. Енді қазақстандық кез келген мұғалім психологтың көмегін тегін ала алады.

БЛИЦ:

- Мен қазір жаман күйде жүрмін. Мұғаліммін. Қатты шаршадым.

- Мен де 10 жыл жасап кеттім мектептен. Шаршадым морально. Қағаздары көбейіп барады жылдан-жылға.

Мектеп демекші, білім ордасындағы асхана мәселесі әлі шешім табар емес. Бір апта бұрын ата-аналар чатында мына сурет тарап кетті. Нан өнімінің ішінен тышқанның жүніне ұқсайтын зат табылған. Тұрғынадардың шағымынан кейін асхана тексеріліп, кәсіпкерге санитарлық ережелерді бұзғаны үшін 600 000 теңгеден астам айыппұл салыныпты.

БЛИЦ:

- Мектеп асханасын жеке кәсіпкерлерден алып тастау керек. Кәсіпкерлер сапасыз жұмыс жүргізеді. Бәрі бір-бірімен сыбайласып кеткен. Кімнен не талап етеді?

- Мектепте тамақ бермей-ақ қойғаны дұрыс. Балалар тамақты жемейді де.

Жұрттың мәдениеті, өзін ұстауы біраздан бері желіде талқыланып жүр. Қазір тегін десе «тегін» ұмытатындар көбейді ғой. Алматыда жаңа мейрамхананың ашылуына байланысты жиналғандарға тегін торт пен суши таратылыпты. Ақысыз дегенді естіген жұрт бір-бірін таптап кете жаздаған. Арасында кішкентай балаларға дейін бар. Мұндайда Нұртөре Жүсіптің «Халықты аш дейін десең аш емес, тоқ дейін десең тобырлық деңгей – мынау» деген сөзі еріксіз еске түседі екен.

БЛИЦ:

- Жабайылық. Түк көрмегендер!

- Халқымыз аш емес қой. Қойсаңдар осыны.

Құрметті көрермен, бүгінге осы! Сау болыңыздар!