Семей қаласында пробация қызметінің бақылауындағы азамат сот жүктеген талаптарды бірнеше мәрте бұзғаны үшін бас бостандығынан айырылды.
38 жастағы Семей тұрғыны өз танысының әшекей бұйымдарын ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, сот шешімімен оған бір жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалған болатын. Жазаны орындау мақсатында ол Семей қаласының Орталық аудандық пробация қызметіне есепке қойылды. Есепке алу кезінде сотталған азамат үйленбегенін, баласы жоқ екенін және анасымен бірге тұратынын хабарлаған. Пробация қызметкерлері оған жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын түсіндіріп, белгіленген міндеттемелерді бұзған жағдайда жауапкершілікке тартылатынын ескерткен. Алайда профилактикалық әңгімелер мен түсіндіру жұмыстарына қарамастан, ер адам бірнеше рет қоғамдық орындарда алкоголь ішімдіктерін ішіп, тексеріс кезінде тұрғылықты мекенжайында болмаған. Осылайша ол жазаны өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзған. Пробация қызметі жинақтаған материалдардың негізінде сот оның бостандығын шектеу жазасын қалған 11 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Сотталушы өз ісіне өкініп, болған жағдайдан сабақ алғанын айтты:
— Бұл жағдайдың өз кінәмнен болғанын түсінемін. Пробация қызметкерлері бірнеше рет ескерткенмен, тыңдамадым. Ұсақ тәртіпбұзушылықтар ауыр салдарға әкелмейді деп ойладым. Енді қатты өкінемін. Маған сеніп, түзеледі деп үміттенген анамның сенімін ақтамадым. Менің мысалым өзгелерге сабақ болса екен — берілген мүмкіндікке жеңіл қарауға болмайды, — деді ол.
Семей қаласы Орталық аудандық пробация қызметінің бастығы Ержан Есполатов бұл жағдайдың пробация тәртібін сақтаудың маңызын айқын көрсететінін атап өтті:
— Әрбір сотталған азаматқа қоғамнан оқшауланбай-ақ түзелуге мүмкіндік беріледі. Алайда белгіленген тәртіпті сақтау — ең алдымен адамның өзіне байланысты. Пробация шарттарын бұзу — жай ғана ереже емес, бұл жазаны бас бостандығынан айырумен ауыстырудың нақты себебі. Сондықтан біз есептегі азаматтарға үнемі тәртіп пен өз қателіктерін түсіну арқылы ғана өмірді жаңа парақтан бастауға болатынын еске саламыз, — деді ол.
Пробация қызметкерлері алдағы уақытта да қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу, тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыру және жаза шарттарын түсіндіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырмақ.