Астанада 99 жастағы соғыс ардагері қайтыс болды

Фото: ҚР ҚМ

Елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Сердюковты соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

Қоштасу рәсімі әскери дәстүрге сай, құрмет қарауыл ротасы мен әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өтті. Іс-шараға Қарулы күштердің ардагерлері, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері және «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Василий Сердюков 1926 жылғы 21 қарашада Ақмола облысының Сталин ауданы Богдановка ауылында (қазіргі Бұланды ауданының Алакөл ауылы) дүниеге келген. 17 жасында қызыл әскер қатарына шақырылып, кейін майданға жіберілген. Ол Минскі мен Варшаваны азат етуге, Висла, Одер және Шпрее өзендерінен өткел жасап өтуге, сондай-ақ Зееловск жоталары мен Берлинді алуға қатысқан. Соғысты 1945 жылдың 2 мамырында Рейхстаг маңында аяқтаған.

Ардагердің ерлік жолы ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны алғаны үшін» медальдарымен және басқа да мерейтойлық марапаттарынан белгілі.